Үстіміздегі жылдың 26 наурыз күні мұнайдың алдағы уақытқа арналған фьючерс саудасы юань арқылы бекітілді. Бейжің билігі Америка долларынан бас тарту себебін ендігі жерде Қытайдың қара алтынды импорттаушы ірі елге айналғандығымен және бұдан кейінгі сауда-саттық кезінде өзге елдің валютасын пайдаланудың негізсіз екендігімен түсіндірді. "Мұнай фьючерсінің юаньмен саудалануы "доллар территориясының" аясын тарылтуы мүмкін. Қытай Шанхай халықаралық энергетикалық биржасында өзінің құрлықтық бөлігіндегі шетелдік инвесторларға арналған мұнай саудасына қатысты шешімін жариялады", - деп хабайлайды "Шинхуа" агенттігі.
Сарапшылардың пікірінше, мұнай фьючерсі Қытайға бағаның бекітілуін қадағалау үшін және әлемдегі ең ірі мұнай импортаушы елге айналуы үшін қажет. ҚХР-ның құнды қағаздарды бақылау жөніндегі Мемлекеттік Комитетінің осы сауда шешімінен бірнеше күн бұрын жарияланған мәлімдемесінде мұнай фьючерсінің юаньмен есептелуі Қытайдың қаржы нарығын ұлғайтып, мұнай саласындағы компаниялары үшін тиімді құрал болатыны айтылды.
2017 жылы Қытай АҚШ-пен теңесіп, әлемдегі ең ірі мұнай импорттаушы ел атанған еді. Сол жылы сатып алынған мұнай көлемі күніне 8,43 млн. баррель құраған. Ал бұл көрсеткіш 2023 жылы орта есеппен күніне 2,1 млн. баррель болады деп болжануда. "Юаньмен белгіленген мұнай фьючерсі қытайлық нарықтың өзгерісті кезеңі болып саналады" , - дейді "J.P. Morgan" халықаралық клиринг департаментінің басшысы Дэвид Мартин.
Өткенге көз жүгіртер болсақ, юаньмен есептелген алғашқы мұнай фьючерсі сонау 1993 жылы пайда болған екен, алайда оның айналымы бір жылдан кейін шикізат биржасындағы тұрақсыз жағдайға бола, сонымен қатар юаньның әлемдік валюта нарығында өте әлсіз қалуына байланысты алынып тасталған. Тек 2016 жылы ҚХР ұлттық валютасының Халықаралық валюта қорындағы салмағы артып, әлемдік несие берушілер юаньды "Арнайы қарыз алу құқығы" (SDR) қоржынына қосып, мұны "Қытай экономикасының ғаламдық қаржы жүйесімен бірігуі жолындағы маңызды кезең" деп таныған. Осылайша, юань Халықаралық Валюта Қорының резервті валюта қоржынындағы маңыздылығы жағынан доллар мен еуродан кейінгі үшінші валюта атанған екен.
Бірақ, Бейжіңнің бұл қадамдары АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысына жасалып жатқан дайындыққа көбірек ұқсайды. Қосымша кеден салығы арқылы сауда жолы тосқауылға ұшырағалы тұрған Қытай билігі АҚШ-ты келісімге мәжбүрлейтін түрлі жолдарды сынап көретіні анық. Алайда Қытай әлемде мұнай импорттаушы бірден бір ел емес. Мұнай биржасы АҚШ пен Қытай арасында жаңа соғыс майданы болса, бұған араласушы елдер де көбейе түседі.