ҚР Ұлттық банкі алтын валюта қоры бойынша алтын көлемін көбейту жұмыстарын жалғастыруда.
Дүниежүзілік алтын кеңесінің мәліметі бойынша, 2018 жылғы 1 наурызда Қазақстанның алтын валюта қорындағы қымбат метал қоры 303 тоннаны құрады (1 ақпанда 301 тонна) немесе халықаралық резервтің 41,3%-ынан асады.
Ал 2017 жылдың желтоқсан айында елдегі алтын көлемі 291,9 тоннаны немесе халықаралық резервтің 37,5%-ын құраған. 2016 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық банкте 258,1 тонна алтын (халықаралық резервтің 27,1%-ы) болған.
Осылайша есептік кезеңде Қазақстан бағалы металл қоры бойынша 100 елдің ішінде 18 орында тұр. Бұдан бұрын 21 орында болған.
Есептік кезең басталғалы бері алтын қоры ең көп ел ретінде АҚШ бірінші орында тұр (8133,5 тонна). Ресей 1857,7 тонна алтын қорымен 6 орында. Ал Қытайдың алтын қоры 1842,6 тонна және елдің халықаралық резервінің тек 2,4%-ын ғана құрайды.
Айта кетейік, бұдан бұрын ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Қазақстан алтын қоры ең көп 15 елдің қатарына кіруге ниетті екенін мәлімдеген.