Apple компаниясы Қытайдың Куньшан өңірінде орналасқан зауытта iPhone 8 Plus смартфонын өндіруді екі аптаға тоқтатты. Мұның себебі - құрал-жабдықтарды жинақтаумен айналысатын Wistron корпорациясы сертификатталмаған компоненттерді пайдаланған болуы мүмкін. Бұл туралы тайвандық Commercial Times басылымына сілтеме жасап, MacRumors хабарлап отыр.
Басылымның мәліметінше, Wistron Apple компаниясының сенімін қайтару үшін бірнеше жоғары лауазымды тұлғаларына айыппұл салған. Жеткізуші компания сондай-ақ, смартфондарды өндіру жағдай түсіндірілгенге дейін тоқтатылғанын жоққа шығарып отыр. Алайда, тараған кейбір ақпаратқа қарағанда Wistron акциялары соңғы уақытта 5 пайызға төмендеп кеткен.
Ал "сертификатталмаған" су өткізбейтін жалған компоненттері бар смартфондар дүкендерге жеткізіле ме және олардың саны қанша, ол жағы әлі белгісіз.
Wistron қазіргі кезде iPhone 8 Plus-тің тек 20 пайызын ғана өндіреді, қалған 80 пайызы бәсекелесі Foxconn компаниясына тиесілі. Wistron Үндістанның Бангалоре қаласында жаңа зауыт салуға 157 млн доллар инвестиция салды. Мұнда компания iPhone SE және iPhone 6s смартфонын шығаруды жоспарлаған. Apple өнімдерін жеткізушілер арасында аталған корпорация үнді нарығындағы көшбасшылардың бірі.