Ричард Аппиа Акото (Richard Appiah Akoto) есімді мұғалім оқушыларға ақпараттандыру сабағында "жоқтан бар жасап" жүр, - деп хабарлады CNN ақпарат агенттігі.

Ганада оқушылар "ақпараттық және коммуникациялық технологиялар" сабағынан сұрақтар кездесетін ұлттық емтиханнан өтуі керек. Ал 2011 жылдан бері жергілікті мектепте компьютер атаулысы болмаған.

Акото компьютердің жоқтығына қарамастан, сабақ өтудің басқаша әдісін ойлап тапты. Ол компьютер функциялары мен бағдарламалық жасақтаманы түрлі түсті бормен тақтаға салады.

"Компьютерге отырғанда қандай терезе пайда болатынын көріп, білсе деп едім. Қолымнан келгенше оқушылардың осы пәнге деген қызығушылығын оятқым келеді", - дейді Акото.

Жоғарыдағы суретте Аппиа Акотоның тақтаға Microsoft Word-ты бейнелеп жатқан сәті көрсетілген.

Акотоның оқушылары: "Бізге осылай сабақты түсіну оңайырақ. Мұғалім пернетақта, жүйелік блок, тышқан - барлығын салып көрсетті", - дейді.

Ганада жоғары сыныпқа өту үшін 14-15 жастағы балаларға жазбаша емтиханды сәтті тапсыру керек. Акотоның бір ғана оқушысы жоғары мектепке түсе алды.

“The Qazaq Times”