Қытай Коммунистік Партиясының ел Конституциясына өзгеріс енгізіп, Ши Жинпиңнің өкілетті мерзімін ұзарту туралы ұсынысына наразылықтар байқалуда. Бұрын мемлекеттік басылымның редакторы болған Қытайға танымал журналистердің бір бұл әрекетті кері кету деп бағалаған. Бұл тақырыпты BBC сараптады.
Қытайдағы ресми басылымның бұрынғы редакторы Ли Датоң BBC-дің қытай тіліндегі қызметіне берген сұхбатында эксперттердің басым көбі бұл Қытай саяси жүйесінің кері кетуі деп бағалап отырғанын айтады. Ресми басылымда қызмет еткен тұлғаның компартияның шешіміне қарсы көзқарасын ашық білдіруі Қытайда тым сирек болатын жағдай. Ол тіпті компартияның ұсынысына деген қарсы пікірін ашық хат ретінде жолдаған. Ли Датоңның ойынша, Қытай төрағасы мен орынбасарының өкілетті мерзімін ұзарту мемлекетті былыққа әкеліп соғады.
Қытайдағы әлеуметтік желілерде «Ши Жинпиң өкілеттілігі аяқталғаннан кейін де билікте қалуға тырысып жатыр» деген мазмұндағы барлық жазбалар өшірілген. Бұл әрине Қытай үкіметінің әлеуметтік желідегі цензурасының қатаң екенін көрсетеді. Дегенмен, Ли Датоң BBC-ге телефон арқылы сұхбатының арасына: «Мен биліктен қорқатын жаста емеспін» деген сөзді кірістірген. Ол сөзінде: «Мен ҚХР бұқарасы ретінде өз пікірімді құрылтай делегаттарына жеткізу азаматтық міндетім деп есептеймін. Халықтың бәрі бұл ұсынысқа келіспейді, бірақ бәрінің үні ішінде отыр», – деген.
Шын мәнісінде Ли Датоң Қытай компартиясының шешіміне ашық наразылық білдірген бірден-бір адам емес. Танымал кәсіпкер, қытайлық миллионерлердің бірі Ван И да өзінің «Вичат» әлеуметтік желісінде: «Бұл анық сатқындық» деген пікірін білдірген.
Ши Жинпиң ҚХР билігіне келгеннен бері елде бірқатар экономикалық реформалар жасалды және биліктегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң күрес жүргізілді. Бірақ Ши Жинпиң жемқорлыққа қарсы күрес арқылы өзінің саяси қарсыластарының бәрін биліктен аластатты деген де пікірлер бар.
Аталған сұхбатта Ли: «Екі қадам алдыға, бір қадам артқа» деген жосын бар. Бірақ қазіргі шешім цивилизацияның ағымына, заманның талабына сай шешім емес», – деген пікірін айтқан.