Сүрия мен оның одақтастары Дамаск маңындағы Шығыс Гутаны шабуылдағалы бері 400 мыңға жуық адам зардап шегуде. Шабуылдың мақсаты - осы аймақты 5 жыл көлемінде басқарып келе жатқан бүлікшілерден босату, - деп мәлімдеді Al Jazeera ақпарат агенттігі.
Шығыс Гута астана маңындағы бүлікшілердің негізгі шоғырланған мекені болып саналады. Сол себепті Сүрия үкіметі 2013 жылдан бері осы аймаққа шабуыл жасауды тоқтатқан емес. Азық-түлік пен дәрі-дәрмектің жетіспеуі жергілікті халықтың денсаулығына өте қатты әсер етті.
Түркия, Ресей мен Иран 2017 жылы Шығыс Гутаны "деэскалация аймағы" деп белгіледі. Ал "деэскалация аймағында" ешқандай соғыс болмау керек.
19 ақпан күні ресейлік әскери ұшақтардың көмегімен сүриялық әскер Шығыс Гутаны бомбалай бастады. Нәтижесінде жүздеген адам қайтыс болып, 6 аурухана мен медициналық орталықтар қирады.
Сүрияның азаматтық қорғаныс құтқарушылары "жергілікті халық арасында улы хлор газдан уланғандар байқалады" деп мәлімдеген болатын. Бірақ Ресейдің СІМ-і Сергей Лавров газға байланысты ақпаратты "жалған" деді.
26 ақпанға дейінгі соңғы 3 ай ішінде Шығыс Гутада 700-ден астам адам қайтыс болды. Оның ішінде 185-і бала, 109-ы әйел. Дамасктан 10 шақырым жерде орналасқан Шығыс Гутаның 400 мың халқының жартысына жуығы 18-ге толмаған балалар.
Сүрия үкіметі "террористер адамдарды өздеріне қалқан ретінде пайдаланады" деп мәлімдеп отыр.