Абайдың екі әйелінен он бала – жеті ұл, үш қыз болған. Бәйбішесі (Алшынбай бидің немере қызы) Ділдәдан: тұңғышы Ақылбай 1861 жылы туған. Ақылбайдан: Әлімқұл, Әубәкір, Исраил атты үш ұл, Сағдат, Пакизат, Рухия есімді үш қыз болған.
Екінші баласы Әкімбай. Ол жеті жасында өлген. Үшінші баласы Әбдірахман(Әбіш) (1869 – 1895). Оның соңғы бітірген оқу орны - Петербургтағы Михайловский Артиллерия училлищесі. Ол Верниде (Алматы) қызымет істеп жүріп, 26 жасында аурудан қайтыс болады. Әбіштен Рахила атты жалғыз қыз қалған. Төртінші баласы Мағауия (1870 – 1904 ). Оның балалары : Уалиса, Құтайба, Бабр, Жағыпар және Кәмила, осы бесеуі. Бесінші баласы Гүлбадан. ( 1872 – 1932 ), Алтыншы баласы Райхан, 1871 жылы туылса керек. 1896 жылдары қайтыс болған.
Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған балалары : Тұрағұл (Тұраш) (1875 – 1934 ). Абай балалары арасында біраз өмір сүргені осы кісі. Тұрағұлдың Ақылия (Ақыш), Жәбірейіл, Зүбәйір және Мәкен (қыз) деген балалары болған. екінші баласы Микайлдан (Мекеш) Құзайыр, Әлішер (Қылкен) деген балалар туған. Үшінші баласы Ізкайыл, оның Тоқташ атты баласы Екінші дүние соғысы кезінде қайтыс болған. Төртінші баласы Кенже (қыз).
Қосып айта кетейік, Абай ұрпақтарынан бес азамат отан соғысы майданында өлген. Олар : 1. Мағауияның Құтайбасынан туған Берекехан; 2. Мағауияның Жағыпарынан туған Жошыхан; 3. Абайдың Микайлынан туған Құзайыр; 4. Абайдың Ізкайілінен туған Тоқташ; 5. Абайдың Микайлынан туған Әлішер (Қылкен).
Ақынның бұл кезде көзі тірі жүрген ұрпақтары (1987 жылға дейін) : 1. Мағауияның Жағыпарынан туған қыз Ишағы отан соғысында авиация шебінде болып, соғысқа қатысқан. Онан соң Су шаруашылығы министрлігінде жауапты қызмет істеген, Алматыда тұрады. 2. Мағауияның Жағыпарынан туған қыз Ғазел, Алматыда, Шәкен Айманов атындағы музейдің бастығы. 3. Ақылбайдың Бағфұрынан туған үш ұлдың бірі – Айдар, ол Маңғыстау обылысында ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша жұмыс істейді, оның әкесі Бағфұр М. Әуезовпен жақсы араласқан. 4. Тұрағұлдың Жәбірайілінен туған Алпаш (Оспанов делінеді) Алматыда тұрады. Соғыста жараланған. 5. Тұрағұлдың қызы Ақылия (Ақыш) қазір Алматыда тұрады. Абайдың тірі кезінде туған. 6. Абайдың Ақылбайынан туған Исрайылдың қыздары – Нәзипа, Күлзипа деген кісілер Зайсанда тұрады.
Абай ұрпақтары 30 жылдардың алды-артында түгел дерлік қуғын-сүргінге ұшырап, аянышты тағдырға тап болған. Олардың арасында қолдау көріп, тәрбиеленсе, жақсы ақын шығатын дарындылар да болған көрінеді, мәселен, Әубәкір Ақылбайұлы соның бірі. Ол суырып салма әрі жазба ақын болған. «Болғанда әкем Абай, өзім жаман, қуады жуансың деп мына заман» деп бір кетсе, енді бірде :
«Дүние көзім жетті тайғағыңа,
Кедейлік – етік жамау – айғағы да,
Шапан, тон, тымақ, желет, тақия жоқ,
Тартамын жалғыз бешпет қай жағыма?!» - деген жолдарды жай отырып айта салған. 1930 жылдардың бас кезінде оның үйін Үржар деген жерге көшіріп тастағанда, ата қоныс Шыңғыстауды сағынып :
« Шыңғыстау қалғаның ба енді жат боп,
Бір іздеп бара алмадым астымда ат жоқ.
Саялап биігіңмен көлеңкеңе,
Шығатын күн болар ма, көңіл шат боп.
. . .
Жеті ел кеп бізден бұрын, жеті ел кеткен,
Қалмақты Мамай қуып орын тепкен.
Байлаусыз, тиянақсыз жаратылыс,
Бізге де босатуға уақыт жеткен», - деп жазған.
Әубәкір «Мамай батыр» деген дастан жазды. Ол шығарған ән де бар екен. Жаңағы екі шумақ өлең бәлкім оның «Мамай батыр» дастанынан ел есінде қалғаны болса керек. Әубәкір 1934 жылы жоқшылық, ауыр тұрмыс жағыдайында дүние салады. Шәкәрімнің ұлы Қабыш (Айғанша деген әйелінен туған) сол жылдар : «Ата туыс озғанбыз, тоғыз ата толғанда, ту-талақай тозғанбыз» депті. Осы жолдардың өзі-ақ Абайдың атақты ата-тегі тәлкекке түскен кейінгі ұрпақтар тағдырын анық көрсеткендей. (Әубәкірдің бұл өлеңдері Ниязбек Алдажаровтың жазған естелігінен алынды, «Жұлдыз» 1992 жылғы 1- сан).
Абай ұрпақтарын немерелеріне дейін атап өттік, толық болмауы мүмкін. Қыздан туған жиендеріне тоқталмадық.
"The Qazaq Times"