36 жастағы видеоблогер Бен Беннайт (Ben Bennight) қыркүйекте ютубта жариялаған видеоға біреудің қорқынышты коммент қалдырғанын байқап, бірден Федералды барлау бюросына (ФББ) хабарласқанын айтты,- деп хабарлайды CNN ақпарат агенттігі.
"Мен кәсіби мектеп мергені боламын" деген комментті Николас Круз есімді жігіт қалдырыпты. Сәрсенбі күні Флоридадағы Marjory Stoneman Douglas жоғары мектебінде 17 адамды атып өлтірген күдіктінің де есімі Николас Круз (Nicolas Cruz).
Беннайт СNN-мен бөліскен комменттің скриншотын жасап, ФББ-ның поштасына жібердім деп ойлаған. Бірақ ол пошта қате болып шыққан. Содан кейін Бен ФББ-ға хабарласып, ютубтағы комментті алып тастауға мәжбүр болған.
Беннайттың айтуынша, ФББ-ның Миссисипидегі бөлімшесінің қызметкерлері оның кеңсесіне келіп, біраз әңгімелескен. Бірақ Бен бұл аккаунт иесі кім екенін, ол туралы ешнәрсе білмейтінін айтқан. Осы сәрсенбіде болған оқиғаға дейін Бен бюро қызметкерлерін содан кейін көрмеген.
ФББ-ның Майамидегі бөлімшесіне жауапты арнайы агент Роберт Ласки (Robert Lasky) баспасөз конференциясында бөлімшеге өткен жылы ютубтағы комментке байланысты бір шағым түскенін растады. "Комментті жариялаған аккаунттың шынайы иесі, оны қайдан және қашан жариялағаны туралы ешқандай ақпарат келіп түспеді. Тексеріс барысында да ФББ ол аккаунт иесін анықтай алмады", - деді.
Сәрсенбідегі қайғылы оқиғадан кейін ФББ қызметкері Беннайтқа хабарласып, қыркүйектегі комментке байланысты жағдайдың мән-жайын қайта сұрастырады.
Бен "Әлеуметтік желіде жаңалықтар қарап отырғанымда мектептегі жайтты көзім шалып қалды, бірақ оған айтарлықтай мән бермеппін. Кейіннен ФББ хабарласып, күдіктінің есімі кезінде менің видеомның астына комментті қалдырған аккаунт атымен бірдей екенін айтты. Қазіргі онлайн-әлемде кімнің нақты не істеп жүргенін қосымша ақпаратсыз анықтау қиын екенін білемін, бірақ аталған комментке дұрыстап назар аударып, жаңағы аккаунттың иесін табуға тырысып, оны біршама уақыт бақылауға алғанда мұндай жағдай орын алмас па еді" , - дейді.