Еуропаның еврей көшбасшылары Исландияда ер балаларды сүндетке отырғызуға тыйым салу туралы заң жобасын құптамады. Жақын арада Исландия парламентінде аталған заң жобасының "қаңқасы" әзірленбек. Бұл иудаизмге қарсы әрекет болып саналады, - деп хабарлайды Euronews ақпарат агенттігі.
Ер балаларды сүндетке отырғызуға тыйым салатын заң жобасын жергілікті партия өкілі Силья Дегг Гуннарсдоттир (Silja Dögg Gunnarsdóttir ) ұсынды, бірнеше исландиялық саясаткерлер оны қолдай кетті.
Қыздарды сүндетке отырғызбау туралы заң елде 2005 жылы қабылданып қойған, ал ер балаларға қатысты сондай заң жоқ, - дейді Силья Дегг.
Ұсынылған заң жобасы "баланың жыныс мүшесінің бөлігін немесе толықтай алып тастаған" адамға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қолдануды ұсынады.
Бірақ діни көшбасшылар - еврей және католик қауымдастығының өкілдері бұл жоспарды сынға алды.
Скандинавиялық елдердегі еврей қауымдастықтары: "бұл заң қабылданса, бауырларымызға Исландияда қоныстануына жол бермейміз. Исландия еврей дәстүрінің ең маңызды әдет-ғұрпына заңдық негізде тыйым салатын жалғыз ел атанбақ. Иудаизмді де, діни әдет-ғұрыптарымызды да түбегейлі жоюға тырысқандар еврейлер тарихында әрқашан болған. Бұл хатты Исландияның ішкі шаруасына араласу деп түсінбеңіздер. Бұл заң жобасы бүкіл әлемдегі еврейлерге қатысы бар иудаизмге қарсы әрекет екенін айтқымыз келеді. Әлемде қандай да бір мемлекет өзінің аумағында христиан дінін ұстанатындар тұрмаған күннің өзінде христиан дініндегі негізгі мейрамды тойлауға тыйым салса, әлемнің түкпір-түкпіріндегі христандар дәл осылай әрекет ететініне сенімдіміз", - деп отыр.
Гуннарсдоттирдің айтуынша, Исландияда ислам мен иудаизмді ұстанатын халық ондай көп емес, бірақ уақыт өте келе олардың саны жылдам өсіп келе жатыр. Сонымен қатар оның ойынша, діни негізде ер балаларды сүндетке отырғызу болғанға дейін оны ешкім білмеген де көрінеді.
"Біз бар болғаны балалардың құқығын қорғағымыз келеді. Әр адам таңдауын өзі жасау керек. Елімізде, мысалы, кім қандай дін ұстанам десе де, оған ешқандай шектеу жоқ қой. Бірақ әңгіме үшінші тарапқа қатысты болғанда сіздің діни көзқарасыңыз маңызды болмау керек. Сол сияқты бүлдіршіндер де өз таңдауларын есейген шағында жасау керек", - дейді парламент мүшесі Силья Дегг Гуннарсдоттир.
Гуннарсдоттир скандинавиялық 5 елдің омбудсмендерінің ұсынысына сәйкес әрекет етіп жатқанын айтты. Олар 2013 жылы "барлық медициналық көрсеткіштер ескерілмей, шынайы келісімге келмей баланы сүндетке отырғызу біріншіден медициналық этикаға сай келмейді. Екіншіден, бұл операция орны толмайтын, өте ауыр салдарға әкелу мүмкін" деген болатын.