Халық үшін ипотекалық кредит құнын арзандату мәселелері қарастырылып жатыр. Бұл туралы ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Оның сөзінше, министрлікте сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында мемлекеттік нормативтерді жетілдіру бойынша жұмыстар басталған.

"2030 жылға қарай бір тұрғынды тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 шаршы метрге жеткізіп, баспана қолжетімді болуы үшін ипотекалық кредитті арзандату мәселелерін қарастырып жатырмыз", - деді Қасымбек.

Министрліктің мәліметінше, биыл коммерциялық банктер құрылыс компанияларына 125 млрд теңге көлемінде субсидияланған кредит  және ипотека үшін 105 млрд теңге беретін болады.

"Банк секторының жандануы  берілетін кредиттің жыл сайынғы көлемінің 350 млрд теңгеге артуына және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары үлесінің экономикалық белсенді халық есебінен 12 пайызға дейін көбеюіне ықпал етеді. Қабылданған шаралар арқылы 2018 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру 6,8 пайызға артады деп болжануда", - деді министр.

Айта кетейік, соңғы кезде қазақстандықтар ипотека арқылы үй сатып алуды жиілеткен. Мысалы 2017 жылдың 10 айында банктер ипотекалық кредит көлемін 2016 жылға қарағанда 51 пайызға арттырған.

“The Qazaq Times”