Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) 895 360 салымшысы жалпы сомасы 23 млрд теңгені құрайтын мемлекеттік сыйақыға қол жеткізді, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
90 760 теңге көлеміндегі ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақыны банктің 160 780 клиенті алды. Бұл салымшылар 2017 жылы шоттарына кем дегенде 453 800 теңге, яғни 200 айлық есептік көрсеткішке тең қаражат жинаған. Депозитіне үлкен сома аударған клиенттер мемлекеттік сыйлықақы есептелмеген биылғы қаражат бойынша 20 пайыздық аталған бонусты 2018 жылдың нәтижесінде ала алады.
Осы жылдың қорытындысы бойынша ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақыны алу үшін банк салымшыларына ай сайын шоттарына 40 000 теңгеден аударып отыру жеткілікті болмақ.
Ал егер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенті жыл сайын бұдан да көп ақша жинаймын, депозит табыстылығын арттырамын десе, отбасы мүшелерінің атына бірнеше салым ашып, бәріне бірдей сома салып тұруы керек. Бұл жағдайда мемлекеттік сыйлықақы әр шотқа аударылады. Тұрғын үй займын алуға қажет қаражат жиналғанда, депозиттерді біріктіріп жіберіп, баспана сатып алуға болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мұндай мүмкіндігі «Отбасылық пакет» деп аталады.
- Бірнеше банктің ипотека беру бойынша талап-шарттарын саралап барып, 2014 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот аштық. Артық төлемей пәтер сатып алу үшін қаражат жинау керек екен. Отбасы болып Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ақша салып, енді бауырымызға пәтер алып берейік деп отырмыз. Ол осы жылы үйленген болатын. Жаңа баспана жас жанұяға үлкен қолдау болады, - дейді отбасы мүшелерінің бірі, банк салымшысы Роза Абылқызы.
Екінші деңгейлі банктердің талаптары бойынша 5 000 депозитке тыйым салынғандықтан, бұл шоттардың иелері мемлекеттік сыйлықақы ала алмады, себебі аталған салымшылар басқа банктер алдындағы қарыздарын дер кезінде қайтара алмаған. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мәліметінше, банк салымшысы тұтынушылық несие бойынша төлемді кешіктірген күннің өзінде екінші деңгейлі банктерге төлем талаптарын тұрғын үй құрылыс жинақтарына қатысты қолдануға тыйым салуды ұсынып отыр.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мәліметінше, 2018 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сыйлықақы 2019 жылдың алғашқы күндері түседі деп жоспарланып отыр. Қазір осы бағытта бизнес-процестер жетілдіріліп, нормативтік құжаттар бойынша жұмыстар жүргізілуде.