Түркияның Премьер-министрі Бинали Йылдырым жексенбі күні Стамбулда өткен баспасөз конференциясы барысында түрік әскерінің Сүриядағы  YPG (Күрд Демократиялық Одағы партиясының қаруланған әскері) ұйымының қол астындағы ауданға Гүлбаба ауылынан аттанғанын хабарлады. Түркия Президенті Реджеп Тайп Ердоған әскери операцияның аз уақытта аяқталарына сенім білдірді. Анадолы ақпараттық агенттігі түрік әскерінің Африн аймағына кіргенін және күрд жасақтарынан құралған Тәуелсіз Сүрия әскерінің (Free Syrian Army - FSA) қарсы бағытта қозғала бастағанын жазды. 

FSA мәліметінше, Түркия мен Сүрия шекарасындағы екі ауыл шабуылға ұшыраған. Әскери операцияға Түркияның 72 әуе бомбылаушы ұшағы қатысқан. Олар күрд әскері және "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының содырлары жасырынған орын деп болжанған 153 нысанды бомбылаған. Күрд әскері тарапынан түскен мәлімет бойынша, Түркияның оқ жаудыру операциясынан кемінде 6 бейбіт тұрғын қаза тауып, 13-і жараланған.

Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған мемлекет ішіндегі күрдтердің оппозициялық топтарына әскери операцияға қарсы наразылық шеруіне шықпау туралы ескерту жасады. Ол: "Көшеге шықсаңдар, билік бәрін жіті назарда ұстап отырғанын біліп жүріңдер", - деді.

Фото: al-jazeera.com

Түркия Сүриядағы Күрдтердің Демократиялық Одағы партиясы мен оның YPG  деп аталатын қаруланған әскерін "террористік ұйымдар" тізіміне қосқан. Африн аймағындағы күрд әскерлерінің саны 8-10 мың аралығында деп есептеледі. АҚШ осыдан бұрын күрд жасақтарын "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымына қарсы күрестегі ұтымды құрлық әскері деп бағалап, қару-жарақпен қамтамасыз еткен болатын. Реджеп Тайып Ердоған: "Күрд топтарының аты өзгергенімен, олардың барлығы бірдей - терроршылар" деген пікір білдірді.

Әскери операция жүріп жатқан өңірден хабар таратқан AFP тілшісі жергілікті мектептердің жабылғанын, тұрғындарға бір орынға шоғырлануға тыйым салынғанын, оқ дауыстары жиі естіліп, халық үрей үстінде екенін айтады.

“The Qazaq Times”