2018 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан зейнеткерлерінің базалық зейнетақысы олардың жұмыс өтіліне байланысты тағайындалатын болады. Бұл туралы ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
Ведомство басшысының сөзінше, қазіргі кезде зейнет жасына жеткен барлық тұлғалардың базалық зейнетақысы тапқан жалақысына қарамастан ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды немесе 12 мың теңге шамасында.
"Енді 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты тағайындалады. Яғни 20 жыл жұмыс өтілі бар зейнеткер ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын алады. Бұл жұмыс өтілі 10 жылды құрайтындардың зейнетақысынан 20%-ға жоғары. Ал жұмыс өтілі 33 жылдан асқандардың зейнетақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100%-ын құрайды немесе шамамен 85 доллардан асады", - деді Дүйсенова.
Айта кетейік, Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 850 теңгені құрады. Ал соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанның зейнетақы қорында 7,67 трлн теңге жиналған.