Иранда болып жатқан шеруде 10 адам қаза тапты, оның біреуі полиция қызметкері. Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаманей жасаған мәлімдемесінде наразылық шараларын «Иранның жаулары ұйымдастырды» деген пікір білдірді. Еуропа Одағы, АҚШ, Израиль, Германия және Ресей қатарлы елдері Ирандағы жағдайға пікір білдірді.
«Түрік Теле-Радио» қызметінің сайтында хабарлауынша, ЕО-ның Сыртқы қатынастар жоғары комиссары Федерика Могерини Ирандағы жағдайды бақылап отырғандарын, шеруге шыққандардың құқықтарының қорғалауын және сөз бостандығын талап еткенін айта келіп, шерушілердің талаптарына қолдау көрсететінін жеткізген. Бұдан сырт, АҚШ президенті Дональд Трамп та ереуілшілерді қолдайтынын білдірді және өзінің Твиттер парақшасында «Бұл Иран үшін өзгеретін уақыт» деп жазды.
Израиль үкіметі Ирандағы ереуілшілерді «батыл қадам жасаушылар» деп бағаласа, Германия жақ елдегі тұрақсыздықтың өршуінен алаңдауда. Ал Мәскеу билігі Иран режимі жағында екенін білдіріп, шетелдік араласулардың болуын қаламайтынын жеткізді.
«Парс Тудей» агенттігінің хабарында елдің діни лидері Аятолла Әли Хаманей: «Наразылық шараларының артында Иранның жаулары тұр, олар Ислам революциясының орнығуын қаламайды. Ирандағы тұрақсыздықты күтіп отыр. Олар халықты үкіметке қарсы қою үшін саяси, экономикалық, материалдық және ақпараттық қолдау көрсетіп отыр», - деді.
Өткен аптаның бейсенбі күні басталған наразылық шаралары әлі де жалғасын табуда. Кей қалаларда шерушілер мен қауіпсіздік күштері арасында атыс та орын алды. Мәліметтерге қарағанда әзірге дейін 500-ге жуық азамат тұтқындалған.