Сүриядан Ауғанстанға қашып барған «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы Өзбекстан мен Түркіменстан шекарасына жақын аудандарда жаңа әскери оқу-жаттығу лагерьлерін құруда - деп хабарлайды AFP ақпарат агенттігі.
Ауғанстанның Өзбекстан және Түркіменстанмен шектесетін Дарзаб ауданының басшысы Бааз Мұхаммад Довардың сөзінше, Сүриядан қашқан «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының Орталық Азия, Шешенстан, Араб елдері, Франция және Солтүстік Африкадан шыққан мүшелері Ауғанстанның солтүстік аудандарында топтасып, жаңа әскери оқу-жаттығу лагерьлерін құруда. Дарзаб ауданына қарасыты Дарзаба аулының тұрғындары аудан билігіне ауылдан 100 метр жерде белгісіз 200-ге жуық адамның лагерь құрып жатқандығын айтқан. Кейіннен олардың басым көпшілігі Өзбекстан мен Шешенстан азаматтары екендігі анықталған. Бірақ бір қызығы ел билігі әлі күш ала қоймаған аз ғана террористер тобына қарсы ешқандай күш қолданбаған.
Бұған дейін Пентагон «Ауғанстан аумағында «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының 1000-нан астам содыры бар. Бірақ олардың саны күн өткен сайын сырттан келіп жатқан адамдармен толығуда. Бұл аталмыш ұйымның Солтүстік Ауғанстанда жаңа халифат құруға талпыныс жасауының басы болуы мүмкін» - деген ақпарат таратып, Ауғанстан аумағындағы әскер санын көбейткен. Ал желтоқсан айының 11-і күні Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров: «Орталық Азия елдері Ауғанстан мәселесін шешуге атсалысуы тиіс» деп мәлімдеген.