Үндістанның ұшқышсыз ұшағы Қытай әуе кеңістігінде апатқа ұшырады - деп хабарлайды РИА Новости ақпарат агенттігі.
Батыс Қытай әскери округінің ресми өкілі Чжан Шуйли болған жағдайға байланысты жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Үндістан қарулы күштеріне тиесілі ұшқышсыз ұшақ Қытай әуе кеңістігіне өтіп, апатқа ұшырады. Бұл Үндістан тарапының Қытайдың территориялық тұтастығына нұқсан келдіруі. Біз Үндістанның бұл әрекетіне өз наразылығымызды білдіреміз» - деген. Ал Үндістан тарапы аталмыш жағдайға байланысты ешқандай мәлімдеме жасамаған.
Естеріңізге салайық, соңғы рет екі ел арасындағы әскери қақтығыс шілде айында болған. Ол кезде Қытай тарапы Үндістан және Бутанмен шектесетін даулы Доклам шекаралық аймағында тас жол құрылысын бастап, Бутан билігінің наразылығына тап болған. Осыдан кейін Үндістан Доклам аймағына әскер кіргізіп, тас жол құрылысын тоқтатқан.