Қазақстанда осы жылы төлем карталарының саны бірден 17,7%-ға (2,7 млн) артып, қазан айының соңында 18,2 млн бірлікті құрады, деп хабарлады Ranking сараптама агенттігі. Осыдан бір жыл бұрынғы көрсеткіш керісінше, 7,1%-ға немесе (1,2 млн) 15,5 млн бірлікке дейін азайған. 

Белсенді қолданылатын карталардың саны 14,2%-ға немесе 9,2 млн бірлікке дейін көбейген. Бұл жалпы қолданыстағы карталардың 50,6%-ын құрайды.

Сонымен өңірлер арасында төлем картасын ең жиі пайдаланатындар - алматылықтар. Олардың қолындағы 2,9 млн карта күнделікті пайдаланылады деуге болады. Карталар  санының өсімі 30,8%-ды (680 600 бірлік) құраған.

Алматыдан кейін картаны белсенді қолданатындар Оңтүстік Қазақстан тұрғындары. Міліметтерге сенсек, мұнда 796 200 карта күнделікті қолданылады.  Ал үшінші орында картаны жиі пайдаланатын қарағандылықтар тұр, қолданыстағы карталар саны - 674 900 бірлік және өсім 4,9%-ды құраған.

Сондай-ақ, карталардың белсенді қолданылуына байланысты қолма-қол емес төлем жүйесінің де көлемі артқан. 2017 жылдың 10 айында қолма-қол емес төлем соңғы он жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 86,7%-ға көбейіп, 1,9 трлн теңге болған.

 

Ұлттық банктің мәліметінше, қолма-қол емес төлемдердің көбеюі төлем карталары арқылы қызмет көрсететін желілер мен интернет және мобильді банкингтің дамуына әсер еткен.

“The Qazaq Times”