Мұнай бағасы Владимир Путиннің бақылауында – деп жазды Bloomberg газеті.
Басылым мәліметінше, өткен жылы ОПЕК елдері ұйымға мүше емес мемлекеттермен мұнай өндіруді азайтуға байланысты соңғы 15 жылда болмаған келісімге келген. Бұл келісімде Ресейдің алатын орыны ерекше болған. Себебі аталмыш келісімнен кейін Мәскеу жарты жыл бойы өзіне міндеттелген барлық талаптарды орындап, мұнай өндіруді келісім бойынша күніне 11 млн баррелден асырмаған. Бұл әлемде мұнай өндіруден бірінші орын алатын Сауд Арабиясына дағдарыстан шығуға үлкен көмек болған. Осы келісімнен кейін Ресейдің әлемдік мұнай өндірісіндегі рөлі артқан. Өйткені Ресей ОПЕК елдерімен мұнай өндіруді азайтуға келіскеннен кейін, қара алтын бағасы өскен.
Bloomberg сарапшыларының ойынша, қазір Сауд Арабиясы Ресейдің көзқарасымен санасуға мәжбүр. Себебі ресми Эр-Рияд экономикасы мұнайға тәуелді. Ал Сауд Арабиясының қазіргі басшысы ханзада Мұхаммад бен Салманның билік басында отыруы тікелей тұрақты экономикаға байланысты.