Ақсу қант зауытында арадағы он жылдық үзілістен кейін алғашқы қант алынды. Бұл туралы кеше облыс әкімі Амандық Баталовтың Ақсу ауданына барған жұмыс сапарында белгілі болды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазір Ақсу қант зауытына қант қызылшасы Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарынан жеткізілуде. Қазіргі кезде кәсіпорынның қызылша жинақтау алаңында 80 мың тонна тәтті түбір жатыр. Бүгінгі күні зауыт 2 мың тонна шикізат өңдеп, алғашқы қантын алды.
«Ақсу қант» ЖШС-ның атқарушы директоры Сәкен Мұратовтың айтуынша, зауытта жасалған жөндеу жұмыстарының нәтижесінде қант қызылшасын өңдеу мен қант шығаруды бастау жұмыстарының жүйесі іске қосылды. Келер жылдан бастап негізгі және қосалқы өндірістерді кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары басталады, қуаттылығы 5 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы пайдалануға беріледі, заманауи жылу қазандықтары мен турбогенераторлар орнатылады. Сол сияқты технологиялық процестерді автоматтандыру жұмысы одан әрі жалғастырылып, соңғы 3 жылда зауыттың өндірістік қуаттылығы артпақ.
Жалпы кәсіпорын жыл бойы 300-350 мың тоннаға дейін қант қызышасын өңдейтін қуатқа ие.
Биылғы маусымда 80 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдеп, 6 мың тонна қант алу жоспарланып отыр. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бері зауытқа қант қызылшасын қабылдау жалғасып жатыр.