Бүгін Сочи қаласында Ресей, Иран және Түркияның қатысуымен Сүрия мәселесі бойынша "үштік саммит" басталады. Бұл 28 қарашада Женевада өтетін Сүрия келіссөздері қарсаңында ұйымдастырылған жалғыз шара емес. Дәл осы күні Сауд Арабиясы Ресеймен қатар Эр-Риядта Сүрияның оппозиция өкілдеріне арналған басқосу өткізеді. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
Осыдан бұрын аталған үш мемлекет Астанада өткен Сүрия келіссөздеріне демеушілік еткен еді. Жеті раундтан тұратын келіссөздер нәтижесінде Сүрияда төрт дескалациялық зона құрылып, ол аудандарда оқ ату тоқтатылды. Тараптар кездесу барысында Кремль ұсынған Сүрия Үкіметі мен Оппозициясын Мәскеуде бір үстел басына отырғызу туралы ұсынысын талқылайды. Бұл идея Астанада өткен басқосуда айтылған болатын.
Ресейлік сарапшы Алексей Малашенко Ресей ұйымдастырған "үштік саммит" Мәскеу үшін Женева келіссөздерінің алдында өзіне одақтастар табудың амалы деп есептейді. Әсіресе бұрын Башар Асадтың Үкіметіне түбегейлі қарсы болған Түркия Президентінің енді күшейіп келе жатқан күрдтерден сақтанып, қарым-қатынасын жұмсарта түскенін ескеріп, оларға келісімге келетін нүктелер жеткілікті деген болжам жасауға болады.