Сауд Арабиясы өткен аптаның соңында елдің орталық қаласы Эр-Риядтың кеңістігінен баллистикалық зымыранды атып құлатқандары туралы мәлімдеген болатын. АҚШ тарабы Йеменнен атылған бұл зымыранның жауапкершілігі Иранның мойнында екенін айтуда. Дегенмен, Теһран (Тегеран) билігі бұны теріске шығарды. Бұл туралы осы елдің ресми «Парс.Ақпарат» агенттігі хабарлаған еді.
Иран Қорғаныс министрі жасаған мәлімдемеде: «Олар бізге айып тағу үшін барлық мүмкіндіктерін пайдалануда. Алайда біз бұны соңына дейін тексеріп анықтайтын боламыз десті. Аталған елдің таратқан хабарында, АҚШ-тың барлық қадамын Иранға қарата жаулық саясаты ретінде көрсеткен. Иран жақ АҚШ үкіметін айыптау сөзінде «бала өлтіруші режимдерді (Сауд Арабиясын айтып отыр) және қиянатшыл Израиль елдерінің Йемен мен Палестинадағы әрекеттерін қолдады» деп айыптаған.
Ал, Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі ұйымның бас хатшысы мен Қауіпсіздік кеңесі төрағасына хат жолдап, Сауд Арабияның сыртқы саясаттарына наразылық білдірді. Оған қоса Сауд Арабиясына қысым түсіруді талап етті. Бұл жерде Иран Йемендегі соғыс пен Катар дағдарысын алға тартып, Сауд жұрты өңірде арандатушылық жасап отыр деп айыптады.
Сонымен бірге Иранның СІМ басшысы да Франция сапары кезінде, АҚШ-тың Иран ядролық келісіміне қаратқан ұстанымын терістеп, «халықаралық келісімді бұзу» деп айыптады. Ал, Иранның бұл мәселеде кез-келген қадамға дайын екенін баса айтты.