Өткен жылдың 11 желтоқсанында Қырғызстанда референдум арқылы осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген Конституция өзгертілген болатын. Бұл өзгертулер 2017 жылдың желтоқсан айының 1-нен бастап өз күшіне енетін болады. Осыған байланысты бүгін біз қырғыз елінің жаңа Ата Заңындағы өзгертулер мен толықтыруларға қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Бұған дейін 2010-2011 жылдардағы Ата Заң бойынша, қырғыз президенті билік басында болып жатқан барлық өзгерістер мен жаңа бастамалардың қозғаушы күші болған. Ал жаңа Конституция бойынша, президенттен бұл міндеттер алынып тасталған. Бұдан былай президент заң шығарушы орган мен атқарушы билік ішіндегі түрлі даулы мәселелерге араласа алмайды. Бірақ, есесіне өзгертілген Ата Заң бойынша, премьер-министр билігі күшейтілген. Ол осыдан былай аудан әкімдерін өзі тағайындап, өзі алып тастай алады. Бұған дейін ол аудан әкімдерін аймақ кеңестерінің ұсынысы бойынша ғана тағайындай алатын болған. Бұдан бөлек премьер ел үкіметіндегі кез келген министрді президент қарсы болған күннің өзінде орнынан босата алады.
Жалпы жаңа Конституция бойынша, қырғыз праламантінде де бірқатар өзгерістер болады. Мысалы бұған дейін қандай да бір фракцияның коалициядан шығуына бір ғана адамның шешімі жеткілікті болатын болса, осыдан кейін кез келген фракцияның парламенттен кетуіне фракция мүшелерінің үштен екі бөлігінің келісімі керек болады. Бұдан бөлек бұған дейін ел парламенті қабылдаған заңға (ол қате заң болса да) президент қол қоюға міндетті болса, бұдан былай праламент қабылдаған заңды премьер-министр дұрыс емес деп шешсе, президент оны қайта қарауға жіберуге құқылы.