Америкалық The New York Times басылымы АҚШ Мемлекеттік департаменті мақұлдаған, жаңа санкцияларға ұшырауы мүмкін ресейлік компаниялардың тізімін жариялады.
Бұған дейін департаменттің ресми өкілі Хизер Нойерт АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тилдерсон Ресейге қарсы жаңа санкция заңы бойынша ресейлік компаниялардың тізімін мақұлдады, деп хабарлаған. Алайда ол тұлғалар мен компаниялар тізімін көрсетпеген еді.
The New York Times мәліметінше, санкция салынуы мүмкін компаниялар тізімінде "Алмаз-Антей", "Ростех", "Ижмаш" "Калашников", "МиГ" және "Сухой", "Туполев", "Российские вертолеты" концерндері, Біріккен әуеқұрылыс корпорациясы, "Долгопрудненское научно-производственное предприятие", "Оборонпром", УВЗ, "Рособоронэкспорт", "Созвездие", "Титан-Баррикады" сынды компаниялар, Біріккен инженерлік-құрылыс корпорациясы, Құрылыс жабдықтары және Біріккен кеме жасау корпорациясы сияқты кәсіпорындар бар.
Сондай-ақ, тізімде Барак Обама Президент болып тұрған кезде хакерлікке қарсы санкция салынған Zorsecurity (бұрынғы Esage Lab) және Петербургтің "Специальный технологический центр" компаниясы бар.
Айта кетейік, аталған компаниялардың ішінде "Российские вертолеты" компаниясы жақында ғана Қазақстанмен тікұшақ құрастыру бойынша келісім жасаған еді. Егер компания санкцияға ілінер болса, бұл Қазақстандағы жұмыстың аяқсыз қалуына әкеп соғуы мүмкін.