АҚШ үкіметінің ресми өкілдерінің мәліметіне қарғанда, Оңтүстік Корея АҚШ иелігіндегі Корея армиясының соғыс кезіндегі басқару құқығын қайтарып беруін талап етуде. Бұның себебін Сеул тарабы Корей түбегіндегі соғыс жағдайына алдын ала дайындалу деп түсіндірген. Алайда, Құрама Штат Оңтүстік Корея армиясының соғысқа әлі дайын емес екенінен алаңдайды. Бұл туралы «WSJ» басылымының ресми сайты хабарлады.
Солтүстік Кореяның артып келе жатқан қатеріне байланысты, Корея армиясының «соғыс уақытында жауынгерлік қолбасшылық» мәселесі АҚШ пен Оңтүстік Корея арасында шиеленісті тудырды.
АҚШ Қорғаныс министрі Жим Меттис бүгін Оңтүстік Кореяға сапарлай барады. Кездесу кезінде талқыланатын басты тақырыптың бірі де осы мәселе болғалы тұр. Екі елдің өкілдері берген мәліметте Меттистің Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея шекарасына баратыны айтылған.
Оңтүстік Корея қалыпты уақытта өз армиясын басқара алады. Бірақ 1950 жылдардағы соғыстан бастап күшіне енген келісімге сәйкес, Корей түбегіндегі ауқымды қақтығыстан болған жағдайда Кореядағы америкалық әскерлер мен кореялық әскерилерге қолбасшылық ету құқығы АҚШ-та болады. Қазіргі кезде Оңтүстік Корея жерінде АҚШ-тың 28 мың 500 қарулы әскері бар.
Оңтүстік Корея үкіметі соғыс кезіндегі армияға қолбасшылық ету құқығын өздері қайтарып алатын-алмайтынын, Жим Меттис сапарынан кейін белгілі болады деп отыр.