«Ислам мемлекеті» деп аталатын террорлық топ Ирак пен Сүрия жеріндегі терроризмге қарсы күрестерден жеңіліс тауып, әрекет аймақтары тарыла бастады. Соңғы мәліметтерге қарағанда, аталған лаңкестік топтың 5600-ден астам адамы өз елдеріне қайтып барады. Бұл туралы BBC-дің ресми сайты жазды.
Бұл мәліметті АҚШ-тың «Soufan Center» деп аталатын аналитикалық орталығы таратты. Орталықтың мәліметіне қарағанда, екі жыл ішінде 33 мемлекеттен келіп топқа қосылған лаңкестер еліне қайтып жатыр. Аталған орталықтың хабарында қайтып барған лаңкестік топ мүшелері сол елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретінін айтқан.
2014 жылы маусым айында өздерін «Ислам мемлекеті» деп атаған экстремистік топ «Халифат» жариялағаннан кейін, әлемнің жер-жерінен неше мыңдаған жиһадшылар топқа келіп қосылған еді.
Өткен аптада АҚШ-тың қолдауымен Сүрия жеріндегі «ИМ» тобының негізгі тұрағы Ракка қаласы қайтарылып алынды. «Soufan Center»-ның мәліметіне қарағанда шетелден келіп террорлық топқа қосылғандар саны 2015 жылдың соңынан қазірге дейін күрт азайып кеткен. Бұл «ИМ»-ге қосылған шетелдік жиһадшылардың қауырт түрде еліне қайтып жатқанын білдіреді.
Ракка қаласындағы лаңкестердің тұрағынан табылған тізімде 40 лаңкестің есімі бар болып шықты. Олардың 19 мың адамы шетелден келген болып шықты. Дегенмен, «ИМ» тобы жеңіліс тапқан сайын бұл адамдардың қайда-қалай кеткені туралы нақты мәлімет жоқ. «Soufan Center» 33 мемлекеттің мәліметтерін топтастыра отырып 5600 адамның өз еліне қайтқанын анықтап отыр. Олардың арасында 400 адам Ресейге қайтып барған. Ал, Ресейден «ИМ»-ге барған жиһадшылар саны 3417 адам деп көрсетілген. Сауд Арабиясынан 3244 жиһадшы соғысқа барып, оның 760 адамы еліне қайтқан. Франциядан 1910 адам «ИМ»-ге қосылып, 271 адамы қайтып барған.
Аталған орталықтың мәліметінде Қазақстаннан барған немесе қайта оралғандар туралы мәлімет кездеспеді. Дегенмен, көршілес Өзбекстанның аты бар. Бұл елден 1600-ге жуық жиһадшы аттанған. Олардың қайтып келгендері туралы мәлімет анық емес.