Араб мемлекеттерінің тарапынан сынға ұшырап, дипломатиялық дағдарысқа түскен Катардың әмірі Шейх Тамим бин Хамад әл-Тани министрлер кабинеті және кәсіпкерлік өкілдерін бастап, Малайзияға екі күндік жұмыс сапарымен барды. Малайзияға жексенбі күні ат басын тіреген Катар әмірі Малайзия басшыларымен экономика, энергетика және инвестиция салаларында келіссөз жүргізеді.
Осы орайда Катар-Малайзия қатынастарына қысқаша шолу ұсынамыз:
Әлем чемпионаты
- Катар 2022 жылы Футболдан Әлем чемпионатын өткізетіні белгілі. Осыған орай Катар жаңадан Лусаил деген атпен қала тұрғызып, 8 спорт алаңы мен темір жол желілерін салып жатыр. Құрылысқа қажетті материалдарды Сауд Арабиясынан алып отырған Катар дипломатиялық дағдарыстан кейін, қажеттіліктерін Малайзияның тауарымен алмастырып отыр;
- Катарда қонай үй мен туризм саласында 15 малайзиялық компания жұмыс істейді;
- Малайзия Премьер-министрінің орынбасары Ахмед Хамиди ақпан айындағы Катарға сапары барысында Әлем чемпионаты инфрақұрылымын жасақтауға малайзиялық компаниялар қатысатынынан үмітті екенін білдірді;
Сауда
- 2011 жылы Катар мен Малайзия 2 млрд АҚШ долларынан тұратын ортақ инвестициялық қор құрды;
- Малайзияның жергілікті ақпарат құралдарының дерегіне сәйкес, екі ел арасындағы сауда айналымы 2016 жылы 566 млн долларды құраған. Катардың ақпараттық агенттіктері қазір қос тараптың арасындағы сауда 1,1 млрд долларға жеткенін айтады;
- Катар Малайзиядан электр құрылғылары, металл және ағаш өнімдері, көлік сатып алады;
- Катар Малайзияға мұнай, жеңіл өнеркәсіп және химия өнімдерін саудалайды.
Катар әмірінен бұрын Малайзияға ақпан айының соңында Сауд Арабиясының королі келген еді. Малайзия Сауд Арабиясы және Катармен қатар әріптестік қарым-қатынастарды ұстанады. Парсы шығанағында орын алған дипломатиялық дағдарысқа қатысты Малайзияның Премьер-министрі: "Біз Алладан Араб мемлекеттерінің арасында туындаған қайшылықтардың жойылуын сұраймыз. Бұрынғы бейбітшілік пен тұрақтылық қайта қалпына келеді деп үміт етеміз", - деген болатын.