Қытайдың әр бес жылда бір рет өтетін биліктегі партиясының (Қытай Коммунистік Партиясы, ары қарай ҚКП) XIX кезекті құрылтайына бір апта уақыт қалды. 18 қазаннан бастап бүкілқытайлық құрылтайға елдің жер-жерінен қатысушы өкілдер орталық қала Бейжіңде бас қосады. Әр кезекті құрылтай кезінде әлем елдері Қытайға баса назар аудара бастайды. Себебі бұл құрылтай 1,5 миллиардқа жуық халықтың тағдырын шешеді және әлемдегі екінші орында тұратын экономиканы басқарушы партияның лидерін сайлайды.
Әзірге ҚКП-ның кезекті құрылтайында партия жетекшілерінен ауқымды басшылық алмасулар болуы мүмкін деп күтілуде. Алайда, партияның қазіргі төрағасы, мемлекет басшысы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин) өзінің орынын сақтап қалуы мүмкін. Дәстүрлі түрде өтетін құрылтай өкілдерінің саны 2300 адам, бұл жолы бұл өкілдер арасынан 13 адам құрылтайға қатысу құқығынан алынып тасталды. Оның себебі олардың қазіргі Қытай ішінде жүріліп жатқан қатаң тәртіпке сай келмеуінен делінген. Жабық отырыста өтетін алғашқы жиында құрылтай делегаттары Орталық комитеттің құрамын сайлап шығарады. Сарапшылардың пікірінше, бұған 200 адам кіруі мүмкін.
Бұл Орталық комитет саяси бюроның мүшелерін таңдайды. Ал одан тұрақты комитет деген орган түзіліп шығады. Осы Тұрақты комитет мемлекеттің ең негізгі шешімдерін шығарушылар болып саналады. Саяси бюроға 12 адам болса, Тұрақты комитет 7 адамнан тұрады. Мүшелер саны жыл сайын өзгеріп отырады. Бір қарағанда партия ішінде дауыс беріп таңдалған секілді көрінеді. Ал, іс жүзінде бұлар ел басшысының алдын ала дайындап қойған адамдарынан құралады. Комитеттің бар қызметі бұл адамдардың өкілеттілігін растау ғана.
Сонымен бірге Орталық комитет партия лидерін, яғни Бас хатшыны тағайындайды. Бұл лауазым Қытай Халық Республикасының басшысы дегенді білдіреді. Бәріне белгілі болғандай бұл қазір Ши Жинпиңнің қолында. Көршілес Қытай үшін осыншама маңызды болған бұл құрылтай алдағы бес жылға, тіпті одан ұзақ уақытқа ең негізгі шешімдерді шығарады. Ал, осы реткі құрылтайда екі негізгі мәселе шешім табуы мүмкін деп күтілуде.
Оның біріншісі, қазіргі Қытай басшысы Ши Жинпиң үлкен жолдама жасайды. Батыс сарапшыларының айтқанындай бұл жолдаудан Қытайдың алдағы бес жылдағы саясатының негізгі бағыттарын білуге болады. Екіншісі, Саяси бюро мен Тұрақты комитет құрамы толықтай жаңаруы мүмкін. Соңғы жылдары ҚКП бейресми түрде қызметкерлердің жас шектемесін шығарған. Айталық, жасы 68-ден асқан Саяси бюроның мүшелері қызметінен босатылады. Осы бейресми ереже бойынша қазіргі кезде Коррупцияға қарсы күрес қызметінің жетекшісі Уаң Чишан қызметінен босатылуы тиіс болады. Бірақ, ол қазіргі Қытай басшысының ең сенімді адамдарының бірі болғандықтан оның өкілеттілігін жалғастыру әрекеттері де жасалуы да мүмкін. (Ши Жинпиң өзі 64 жаста. Қытай үкіметінің басшысы Ли Кычяң 62 жаста).
Бұдан бөлек ХІХ құрылтайда болашақ Қытай билігінің тізгінін ұстаушылар, айталық Шидің орынын басатын болашақ Қытай басшысы болуы мүмкін деген адамдар ортаға шығады. Ең маңыздысы құрылтайдан кейін ҚКП Ши Жинпиңнің айналасына толықтай топтастырылады. Сол үшін де Ши Жинпиң басқару мерзімін ұзарту туралы да бастама көрсетуі мүмкін. Ол 2012 жылы билікке келді де, бес жыл ішінде бірқатар жаңа басшылық сапты жасақтап шықты. Кейінгі бес жылда ол осы өзі бекемдеген командамен батыл қадам жасай алады. Сондықтан ол екі мерзім сайлану заңына өзгеріс жасауды да ортаға қоюы ықтимал.
Қытай билігінде Ши басқарған мезгілдер тұтас мемлекет бойынша коррупцияға қарсы күреспен ерекшеленеді деуге болады. Ол билікке келгеннен бері бес жыл ішінде миллионға жуық мемлекеттік қызметкерді, әсіресе басшылық қызметтегі адамдарды сыбайлас жемқорлық ісі бойынша заңдық жауапкершілікке тартқан. Кейбір саясаттанушылар бұл әрекетті Ши Жинпиңнің саяси қарсыластарын жоғалтуға бағыттаған әрекеті деп санайды. Бірақ, бұл бастамасымен ол Қытайдағы халықтың қолдауына ие болғанын жасыра алмаймыз. Ол билікке келген алғашқы үш жылда саяси қарсыластарының болғаны анық. Тіпті, бейресми деректерде, оның билікке келуінің өзі де күшті әскери төңкеріске себепші бола жаздаған деген сөз де айтылып жүр.
Оның бәрін қайырып тастап, бес жыл табан тіреп билікті нығайтқан Ши Жинпиңнің алдағы құрылтайда орнынан айрылып қалуы екі талай. Тіпті бұл болжамның мүмкіндігі бір пайызға да жетпейді. Қазір Қытай ішіндегі БАҚ-ты қарайтын болсаңыз ол туралы тек жақсы жақтарын теріп жазып жатыр. Құрылтай алдында ол туралы том-том еңбектер мен құлаш-құлаш мадақ жырлары жазылды.
Қазір Ши Жинпиңнің басты мақсаты өзінің ҚКП тарихындағы маңызды орынын тіктеп алу. Ол өзінен бұрынғы барлық партия жетекшілерінен де бекем орында тұрып, саясат жүргізуге тырысады. Бұл құрылтай оның билігін сақтап қала алатынын және алдағы бес жылда батыл әрекеттерге баруы мүмкін екенін дәлелдеуі ғажап емес. Алайда, оның қандай қадамдар жасайтынын болжап айту қиын.