Солтүстік Корея хакерлері Оңтүстік Кореяның құпия әскери құжаттарына қол жеткізгені туралы хабарлады. Көрші мемлекеттің қорғаныс саласындағы жоспары қамтылған құжаттарда Солтүстік Кореяның Президенті Ким Жоң Унды (Kim Jong Un) өлтіру туралы бөлім бар болып шықты. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Оңтүстік Кореяның заң қызметкері Rhee Cheol-hee ВВС-ге берген комментариінде жоғарыда аталған ақпаратты елдің Қорғаныс министрлігі растағанын айтқан. Дегенмен ақпараттық агенттіктердің сұранысын жауапсыз қалдырған Оңтүстік Кореяның Қорғаныс министрлігі қазірше үнсіз қалуды жөн көріп отыр.
Қолға түскен құжаттар қатарында АҚШ пен Оңтүстік Корея бірлесіп жасаған төтенше жағдайға арналған әскери қимылдар жоспары да бар. 235 гигабайт көлемдегі маңызды ақпараттар Оңтүстік Кореяның әскери нысандары, арнайы күштері жөніндегі деректерді, генералдардың есептерін қамтиды. "КХДР хакерлерінің құрығына іліккен деректердің 80 пайызы әлі анықталмады", - деп жазады ВВС ақпараттық қызметі.
Берілген мәліметтерге сәйкес, әскери құжаттар өткен жылдың қыркүйек айында қолды болған. Мамыр айында Оңтүстік Корея өзінің деректер базасынан бірқатар мәліметтер жоғалғанын, бұл Солтүстік Кореяның кибершабуылы болуы мүмкін екендігін айтқан болатын.
Оңтүстік Кореяның Yonhap мемлекеттік ақпарат қызметі соңғы жылдары коммунистік жүйені ұстанатын көршілері тарапынан жасалған кибершабуылдар жиілегенін жазады. Басылымның мәлімдеуінше, Солтүстік Кореяның хакерлері шетелде, әсіресе, Қытайда арнайы оқыту дайындығынан өткізілген.