Кофе - қуырылған кофе дәндерінен дайындалатын сусын. Ғалымдардың есептеуінше, бүкіл әлемде әр күн сайын 1,6 млрд шыны аяқ кофе ішіледі екен. Осыдан-ақ бұл сусынды жаны сүйетіндердің қатары көп екенін аңғару қиын емес. Дегенмен оның денсаулыққа кері әсері бары туралы мамандар кеңесі мен "кофе тәуелділігінен" арылғысы келген адамдардың пікірін жиі естиміз. Ал бүгін кофенің қандай пайдасы барын талдап көрейік.
Мамандар кофенің екі артықшылығын айтады: біріншіден, кофе - андиоксидант есебінде ағзаны әртүрлі химиялық заттар мен токсиндерден тазартады; екіншіден, жұмыс істеу қабілеті мен еңбек өнімділігін арттыратын кофеин (оны артық мөлшерде қолдану зиян). Сондай-ақ кофенің құрамында B дәрумені, калий мен магний бар.
Кофе өмірді ұзарта ма?
Жуырда Annals of Internal Medicine ғылыми журналында жарияланған зерттеуде күніне үш шыны кофе ішкен адамның өмір сүру мерзімі ұзаратыны жазылған. Он Еуропа елінен 500 мыңға жуық адам қатысып, 16 жылға созылған зерттеудің қорытындысымен келіспейтін ғалымдар, өмір сүру ұзақтығына көбіне әсер ететін әлеуметтік-экономикалық жағдайлар ескерілмегенін алға тартады.
Кофеин миға қалай әсер етеді?
Кофенің құрамындағы кофеин мидың арнайы нейрондарын қозғалысқа келтіріп, көңіл-күйдің көтерілуіне, жұмыс істеу қабілетінің артуына әсер етеді. Адамның миына ықпалы себебінен "кофе Альцгеймер ауруы мен деменция дертінен сақтандырады" деген тұжырымдар да жасалған.
Кофенің бірқатар пайдасы ғылыми түрде анықталғанымен, оны мөлшерден тыс қолдану зиян екені белгілі. Дәрігерлер аяғы ауыр әйелдерге күніне 2 шыныдан артық кофе ішуге болмайды деп ескертеді. Кофеге, қуырылған кофе ұнтағынан бөлек, көптеген тәтті дәмдеуіштер, сүт, қант қосылатынын ескерсек, бұл ағза үшін артық калория алып келетінін тағы да ұмытпаған жөн.


















Ертаев қайта қамалған күз: Рақымшылық «заңсыздық жәрмеңкесіне» айналды ма?
Талғар трагедиясы: Қызылқайраттағы қылмысқа қатысты жеті іс қозғалды
Талғардағы қанды оқиға: ІІМ-ге жолданған сауал және қоғам күткен жауап
Талғарда тағы да қанды оқиға. Полицияның жауапсыздығы ма, жүйелік дағдарыс па?
ORDA хабары, Ақорда реакциясы және Садықов ісі: не болып жатыр, нені байқадық?
Созбұйдаға салынған жеті томдық: Қазақтың академиялық тарихы қашан жарық көреді?