Қытай Солтүстік Кореяға мұнай тасымалын тоқтатып, бұрынғы сауда әріптесінен жеңіл өнеркәсіп өнімдерін сатып алуды тоқтатады. Бұл шешім Пиоңяңның соңғы өткізген ядролық қару сынақтарына байланысты қабылданып отыр. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Пиоңяңның екінші ең ірі экспортқа шығаратын тауарына жататын жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне салынған санкция Солтүстік Кореяның жылдық бюджетін 700 млн АҚШ долларына қысқартады. Ал елдегі мүнай өнімдерінің негізгі көзі болып отырған Қытайдың шикізаты тасымалының тоқтатылуы ел экономикасына ауыр соққы болғалы тұр. Қытай Солтүстік Кореяға мұнай тасымалдауды мүлде тоқтатпайды, БҰҰ белгілеген аз мөлшерде ғана саудалайтын болады. Бірақ екі ел арасындағы осыған дейінгі мұнай тасымалының көлемі мен оның қанша пайызға азаятыны жөнінде нақты ақпарат берілген жоқ.
APF ақпараттық агенттігі соңғы екі айда Солтүстік Кореядағы жанармай бағасы 20 пайызға өскенін хабарлады. Агенттік тілшілері КХДР-дағы жанармай бекеті қызметкерінің пікірін берген: "Кеше жанармай 1.90 $ болса, бүгін - 2 $. Болашақта жанармай бағасы күн санап өседі деп ойлаймын".
Ресей мен Қытай осыған дейін АҚШ-тың Солтүстік Кореяға мұнай экспорттауды мүлде тоқтату туралы ұсынысын қолдамай келген болатын. Бірақ соңғы орын алған қару сынақтарынан кейін, мұнай тасымалы көлемін белгілі бір шекке дейін төмендетуге келісті.
КХДР өткен жылы Қытайға құны 1,2 млрд $ болатын көмір экспорттаған. Дегенмен жуырда Қытай Солтүстік Кореядан сатып алатын көмір көлемін де қысқарту туралы шешім шығарды.
Аталған шаралар Солтүстік Кореяны алған бағытынан кейін қайтара алатыны не одан әрі ызаландыратыны әлі белгісіз. Бірақ Ким Жоң Ун мен Дональд Трамп арасында болған соңғы "бірін-бірі тілдеу" операцияларынан кейін, КХДР басшысы АҚШ Президентінің өз сөздері үшін өте қымбат құн өтеуге тура келетінін айтқан еді. Ал Ресейдің Сыртқы Істер министрі Сергей Лавров олардың бір-біріне жолдаған әдептен алыс сәлемдемелерін "Балабақшадағы балалардың ешкім тоқтата алмайтын төбелесіне ұқсайды" деп бағалады.