АҚШ ақпарат көздерінің хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың кейбір заңгерлері оның күйеу баласы Жаред Кушнердің отставкаға кетуін талап еткен. Заңгерлер Ақ үйде болған «Ресеймен астасу» мәселесін тергеу» ісін ескере отырып, құқықтық мәселелер туындауы мүмкін деп қарайды. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымы хабарлап отыр.
Трамптың құқық қорғаушыларын алаңдатып отырған мәселенің бірі Кушнер мен Трамп арасындағы аса жақын әрі құпия байланыстың бар екендігі. Бұл адвокаттардың кейбірі федералды тергеушілер мен бірнеше Конгресстің бақылаушы топтарымен сұхбаттасуда. Кушнер Трамптың күйеу баласы әрі сенімді адамы ретінде ресейлік тұлғалармен жасырын кездесу ісі, Трамптың өзіне тікелей кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл әрине президенттің жекелеген құқық қорғаушыларына қиындық туғызады.
Мұндағы тағы бір мәселе, Кушнер қауіпсіздікті тексеру нысанын тапсырған кезде «шетелдік тұлғалармен жасырын кездесу ісін» бастапқыда мойындамаған. Ал кейінгі тергеулерде бұл кездесулер туралы растап берген. Осының өзі Ақ үйдің жоғары кеңесшісі Кушнер мен оның қайын атасы болған президенттің сенімділігіне нұқсан келтіріп тұр.
Федералдық барлау басқармасы Кушнердің сары ізіне шөп салған тұста, Трамп өзі араласа отырып, екінші рет тергеу кезінде Кушнердің айыбын жеңілдеткен болатын. Бірақ, президенттің де қауқары толық жете бермейтін Конгресс пен Федералдық сот және екі бірдей барлау басқармасы Кушнерге шүйлігер болса, құқықтық мәселелер негізінде Трамптың өзіне де қатер төндіреді. Сондықтан, Трамптың жеке құқық қорғаушылары президенттің күйеу баласын отставкаға кетуін талап етті.