Мьянма билігі 18 жергілікті және шетелдік журналистерге арнап тур ұйымдастырды. Рохинджа мұсылмандары тұрған аудандарға саяхатты қамтитын турдан түйгендері мен көзбен көргендерін белгілі ақпарат құралдарының бірқатары жазды. Біз BBC ақпараттық агенттігінің журналисті Jonathan Head жазбасының маңызды тұстарын сіздермен бөлісуді жөн көріп отырмыз.
Оқиға орнына жеткен журналистерге жол көрсететін арнайы қызметкерлер бөлген Мьянма билігі олардың өз бетінше зерттеу жүргізіп, топтан бөлінуіне тыйым салған. 25 тамызда Рохинджа мұсылмандарынан құралған "Аракан құтқару армиясы" тобының шабуылынан басталған қантөгістен кейін қираған ғимараттардың үйінділері мен өртенген ауылдардың орындарын аралаған журналистер аталған өңірлерде "тіршілік белгісі байқалмайтынын" айтады. Қазірдің өзінде 300 мыңға жуық босқын Бангладеш шекарасын асып отыр. Босқындар лагеріне жеткен рохинджалықтардың барлығы ақпарат құралдарына қауіпсіздік қызметкерлері ауылдарын өртеп, адамдарын зорлық құрбаны еткендерін айтқан болатын. Бирма билігі ұйымдастырған турдың мақсаты да, мұсылмандардың өздеріне таққан айыптары негізсіз екенін дәлелдеу сияқты.
Ал Ракхайн аймағында қалған бірқатар мұсылмандар қорқыныштан сөйлей алмай, біраз тосылып, журналистің "Кімнен қорқасың?" деген сұрағына "Мемлекеттен" деп жауап беріпті. Кейіннен Бангладешке кетуді ойлағанымен, осында қалған мұсылмандар басшыларының Мьянма билігімен елден кетпеу туралы келісімге келгені үшін ғана отандарында тұрақтап отырғаны анықталды.
Жергілікті қауіпсіздік қызметкері рохинджалық мұсылмандар билікті әлем алдында айыпты көрсету үшін "өз үйлерін өздері өртегенін" айтады. БАҚ өкілдеріне осы мәлімдемені айғақтайтын суреттер де таратылған.
Журналистердің "Осы уақытқа дейін өртенген ауылдардың барлығын түгел мұсылмандар өртеді ме?" деген сауалдарына "иә" деп жауап берген өкілетті тұлғалар, қақтығыс күннен бері 2 апта уақыт өтсе де, жаңбырлы ауданда неге әлі күнге кейбір ауылдардың өрті сөнбей тұрғанын түсіндіре алмады. "Осында қалған мұсылмандар кетер алдында үйлерін күлге айналдырып кеткелі жатқан шығар..." деген сенімсіз болжам айтқан жолсерік, 25 тамыз күні мұсылман басқыншыларынан осындағы өзге этникалық топтарды қорғау үшін, оларды полиция бөлімшесіне жасырғанын айтады. Сол қақтығыста жаппай қаруланып келген "Аракан Рохинджа құтқару армиясының" 17 мүшесі мен 1 полицей қаза тапқанын хабарлады. Жергілікті қауіпсіздік қызметкерлерінің дерегіне сәйкес, Ракхайн аймағындағы зорлық-зомбылыққа негізінен жоғарыда аталған мұсылмандар тобы кінәлі. Билік тарапынан "террористік топ" деп мойындалған "Аракан Рохинджа құтқару армиясы" әр отбасыдан бір күрескер содыр берулерін сұрап, халықты қатаң тәртіпте ұстаған көрінеді.
Журналистер жол үстінде алыстан шыққан түтінді байқап, көлікті тоқтатып, жолсеріктің ескертпелеріне қарамастан, өрт шыққан ауылға қарай жүгіргендерін айтады. Оқиға орнына жеткен кезде, өртелген медресе мен әр жерде шашылған мұсылман әйелдің киімдері, араб жазуы бар кітап жұрнақтары көзге ілінген. Жүгіріп жеткен бейтаныс 18 адамның алдында дағдарып қалған өрт қоюшылар өздерінің жергілікті буддистер екенін және осында полицияның көмегімен от өршітіп жатқандарын айтып, күлге айналған үйлерден тоналған жабдықтар мен заттарды тиеп, жөндеріне жүре берген. Кешегі бейбіт өңірдің бүгінгі келбетін бүкпесіз баяндаған журналистің әңгімесі "Бұл ауылға ең жақын жерде полиция бөлімшесі бола тұра, қауіпсіздік қызметіне жауаптылардың ешқайсысы оларды тоқтатуға әрекет етпеді..." деп аяқталады.