S&P рейтинг агенттігінің баспасөз хабарламасына сəйкес, Қазақстанның рейтингі кері болжамнан тұрақты болжамға жақсаруы арқылы " BBB-/A-3" деңгейінде бекітілді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Болжамды жағымды жаққа қарай қайта қарауға бірқатар факторлар əсер етті, олардың арасында резиденттер депозиттері долларлануының 2015 жылдың соңындағы 70 пайызбен салыстырғанда 2017 жылғы шілдеде 48 пайызға дейін күрт төмендеуінің арқасында ақшалай-несие саясатының тиімділігінің артуы бар. 2016 жылдан бастап экономикаға, оның ішінде негізінен мұнай-газ саласына тікелей шетелдік инвестициялардың тұрақты келуін есепке алсақ, S&P бұдан соң айтарлықтай сыртқы міндеттемелерді болашақтағы қаржының жылыстауы ретінде қарастырмайды", - делінген баспасөз хабарламасында.
Министрлік хабарламасында бұдан басқа, Қазақстан S&P бағалауы бойынша 2017 жылы қарыздық жүктеменің ЖІӨ-ге 17 пайыз шамасындағы төмен деңгейіндегі таза несиелер позициясын сақтап қалғаны айтылған. Таратылған ақпарат бойынша, бұл 2017 жылдың соңындағы Ұлттық қор активтерінің ЖІӨ-ге 40% -дық айтарлықтай көлемін есепке ала отырып, болашақта қосымша қарыз берудің жоғары қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. S&P болжамдық деректері бойынша, жаңа салық кодексі де бюджетке түсімдердің ұлғаюына мүмкіндік бермек.
"Қазақстан үшін оң несие рейтингі біздің елімізден тыс қаржыға қол жеткізу мүмкіндігін беретінін атап айту қажет, яғни біздің несиелік рейтинг жоғары болған сайын сыртқы нарықтағы қарыз шарты да жақсы бола түседі. Оң несиелік рейтинг Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың келуіне де ықпал етеді", - делінген хабарламада.
Дегенмен бұдан "Қазақстан қарыз алуды қайта көбейте түсе ме?" деген сұрақ туындайды. Онсызда қарызы көп елдің рейтингі көтерілгені жақсы болғанмен, сыртқа борышкер болудың ауыртпалығы зор екенін ескеруіміз қажет.