Бразилия ресми түрде мемлекеттің бұрынғы президенттері Русеф Дилма мен Луис Инасиу Лула да Силваны Petrobras мұнай компаниясына қатысты жемқорлық ісі үшін айыптады. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды.
Аталған қылмыстық істе бас айыптаушының рөлін атқаратын Родриго Янот Жұмысшылар партиясының Русеф Дилма мен Лул да Силваны қоса есептегенде 6 мүшесі мұнай компаниясынан заңсыз жолмен ақша жымқырып, жемқорлық жасағандарын жеткізді.
Бұл 2016 жылы импичменттен кейін биліктен кеткен Русеф Дилмаға қарсы ұсынылып отырған алғашқы айыптау. Экс-президенттерге тағылған кінәға қарамастан, олар Бразилиядағы ең ықпалды саясаткерлер қатарында қалып отыр. 2018 жылы Президенттік сайлауға кандидатурасын ұсынғалы отырған Лула да Силва үшін аталған сот процесі жағымсыз жаңалық болды.
Бас Прокуратураның айтуынша, қылмыстық топ жемқорлықпен 2002 жылдан 2016 жылдың мамыр айына дейін айналысып келген.
Жұмысшылар партиясының өкілдері одақтастарына тағылған айыптауларды жоққа шығарып, бұл оқиғаны халықтың назарын осыған дейін парақорлық бабы бойынша жауапқа тартылған федералды прокурордың ісінен басқа тарапқа аудару үшін ұйымдастырылған деп есептейді. Русеф Дилманың өкілі Прокуратураның нақты ешқандай дәлелдер мен айғақтар ұсынбағанын айтады.