ҚХР төрағасы Ши Жинпиң (Xi Jin Ping) БРИКС елдері басшыларын Қытай орталық қаласына мәжіліске шақырған тұста, Солтүстік Корея кезекті ядролық сынағын жасады. Сарапшылар бұл Қытайдың қитығына тиіп, Қытай-Оңтүстік Корея қарым-қатынасын сынап көргені деген пікір білдірді. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы хабарлап отыр.
Барлау агенттіктерінің жер сілкінісінің жилігіне талдау жасай отырып берген мәліметіне сенер болсақ, Солтүстік Кореяның жексенбі күні өткізген алтыншы реткі ядролық сынағының қуаты, бір жыл бұрынғы ядролық сынақтың қуатынан шамамен 10 есеге күшті болған. Құрама Штаттар мен Қытайдың жер сілкінісі бойынша мониторинг агенттігі екі жер сілкінісін тіркеді. Қытайдың солтүстік-шығысындағы бірнеше қалалар сілкініс әсерін сезген. Қазір, Қытай Қоршаған ортаны қорғау департаменттері радиациялық төтенше жағдайларды бақылауға кіріскен.
Солтүстік Кореяның зымыран сынақтарынан кейін іркес-тіркес ядролық сынақ өткізуі, Халықаралық қауымдастықтың, әсіресе АҚШ-тың, Қытайға және оған көршілес жатқан одақтастарына Солтүстік Кореяға қысымды барған сайын арттыруға мұрындық болуы мүмкін. Қытай басшысы өз елінде Ресей, Бразилия, Үндістан және Оңтүстік Африка басшыларын шақырып, БРИКС елдері мәжілісін қолға алған тұста болып өткен ядролық сынақ, Ши Жинпиңнің саяси беделіне үлкен ықпал ететіні мұнда тұр. Бұл тікелей Қытайдың қитығына тию үшін жасалған қадам деуге болады.
Қытай сарапшыларының пікіріне қарағанда, Солтүстік Кореяның бұл реткі сынағы, Қытай үшін аса сезімтал болған, кілтеңді кезеңде жасалуы Бейжің билігін қуандыра қоймайды. Тіпті бұл жолы Бейжің Пиоңяңға (Пхеньянға) қарата кескінді қатаң жауап беруі де мүмкін екен. Дегенмен, Ши Жинпиң мен Қытай үкіметінің басқа басшылары КХДР-ға қарсы түбегейлі әрекеттер жасай алмайды. Бірақ, Қытайдан КХДР-ға жеткізілетін мұнай мөлшерін қысқартып тастауы мүмкін. Осының өзі Солтүстік Корея экономикасы үшін үлкен қатер деп санауға болады. Бұл қадам КХДР-ны қатты қысымға алады не болмаса Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын) тіпті де көп арандатушылыққа бел буады – міне бұлар қытайлық сарапшылардың пікірі.
Қазіргі кезде АҚШ пен Қытай арасында КХДР мәселесін ортақ жүйеге келтіру аса қиын іс. Қытай болса АҚШ-тың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің соңғы шешімдеріне байланысты "Солтүстік Корея мәселесі келіссөз арқылы шешім табады" деп үміт етеді. Солтүстік Корея ядролық сынағынан бірнеше сағат кейін, Қытай басшысы Шямін (Сямэн) қаласына өткен БРИКС елдерінің мәжілісінде ашулана сөз сөйледі. Ол сөзінде ядролық сынақ туралы сөйлемесе де, жаһандану мен экономикалық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқтала келіп, бейбітшілік, даму, ынтымақтастық және жеңіске жету барлық халықтардың ортақ құлшынысы екенін баса айтты.
Қытай үкіметі санкциялар Солтүстік Кореяның ядролық сынақтары мен зымыран сынақтарын тоқтата алмайтынын сан рет айтқан болатын. Дағдарыс АҚШ пен КХДР арасындағы дипломатиялық келіссөздер арқылы шешілуі керек деп келген. Неге екені белгісіз АҚШ бұл жағында Бейжіңнің сөзіне құлақ асқан емес. Нәтижесінде Қытай үкіметінің айтқаны келіп отыр. Қытай Солтүстік Кореяның зымыран және ядролық сынақтарын сыртқы саясаты мен дипломатиялық қатынастарының негізі етіп қарайтынына үйреніскен.
Қытай басшысы өзін сыйламаған КХДР ең жоғары басшысы Ким Жоң Унға алдағы жерде қандай саясат қолданатыны – АҚШ пен оның өңірдегі одақтастарының күткені. Дегенмен, Қытай үкіметі шиеленістің басты жауапкершілігі Солтүстік Кореяда деп қарамайды. Ши Жинпиңнің қатқыл сөзінің астары АҚШ-ты да өз жауапкершілігін тануға шақырып тұрса керек. Бірақ АҚШ Солтүстік Кореямен келіссөздің алғы шарты және КХДР-ның келіссөз шарты бір біріне мүлде қайшы болып отыр.