Әлемдегі қазақ жастарының қатысуымен өтетін дәстүрлі "Алаш" Футбол кубогі Алматыда аяқталды . "Жезбүйда" жастар қоғамдық бірлестігі өткізіп жатқан ала доп бәйгесіне Иран, Қытай, Монғолия, Өзбекстан қатарлы елдерден келген әуесқой Футболшылар мен еліміздің әр аймақтарында тұратын, шетелден атажұртқа оралған қандастарымыз қатысты.

Бұл рет жасыл алаңға шыққан он екі командадан екі күнге созылған қызықты да қиян- кескі жарыстың нәтижесінде финалға іріктеуге "Сайын tech", "Бірлік керуен", "Дос", "Сауыр" командалары кірген болатын. Нәтижесінде "Досты" 2: 1 ұпаймен жеңген "Сауыр" үшінші орынды қанжығаға байлады. Көп болып көз тіккен шешуші жарыс "Бірлік керуен" мен" "Сайын tech" арасында өтті. Бұл реткі доп додасының "Алаш" кубогін 5: 1 ұпаймен дарынды өнер көрсеткен "Бірлік керуен" иеленді. "Сайын tech" осы бәйгенің екінші жүлдесін еншіленді.

Жарыс майданында топ жарған осы командалар ақшалай сыйлықтармен де марапатталды. Айталық, төртінші орын алған "Дос" командасы 50 мың теңгемен, үшінші орын алған "Сауыр" 100 мың теңгемен, екінші орын алған "Сайын tech" 200 мың теңгемен, бас жүлде иегері атанған "Бірлік керуен" командасы 500 мың теңгемен сыйланды. Үздік шабуылшы сыйлығы "Бірлік керуен" командасындағы Тұрабаев Сәбитке бұйырса, үздік ойыншы "Сайын tech" командасындағы Әкімхан Жасарбек болып табылды. Үздік қақпашы болып "Дос" командасы капитаны Арай сыйланды. Өскеменнен келген "Алтай" командасына арнайы жүлде табыс етілді.


Осымен үшінші рет өтіп жатқан дәстүрлі додаға "Орда принт" жарнама орталығы, "Бірлік керуен", "Көкжиек" фото-видео студиясы, "Қаз лед медиа груп", "Ұлы дала", "Лед орда техноложи" қатарлы компаниялар демеуші болды .
Ұшқан құстың қанаты талатын ұланғайыр даланың әр сай-саласындағы қазақ жастарының басын қосу, ел тәуелсіздігін ұлықтау, Алаш қайраткерлерін еске алу мақсатында өткен дүбірлі доданың маңызы ерекше.

"Үшінші рет өтіп жатқан бұл шара биыл "Алаш" кубогі деген атымен айырықшаланып тұр. Әсіресе, жақында ғана өткен Дүние жүзі қазақтарының бесінші құрылтайында айтылған Президенттің үндеуіне спорттық шараларды ұйыстыру арқылы үлес қосып, әрі осы игі шаралар оң жемісін беріп жатқанына біз қуанамыз әрқашанда қолдаушы боламыз. Әсіресе, алыстан келген жастар осы арқылы Қазақ елін түсінеді. Бір бірімен танысып, білісіп, бір шаңырақтың астында ұйысуына белгілі деңгейде негіз болады", - деп ақ жарма лебізін білдірді "Жебеу" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омаралы Әділбекұлы.

Әділет Аxметұлы

“The Qazaq Times”