АҚШ Филиппинге өзінің әскери әуе күштерін жіберуі мүмкін, деп хабарлайды NBS News телеарнасы.
NBS News арнасының мәліметінше, АҚШ Филиппин аумағында бас көтере бастаған «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының көзін жою үшін Филиппинге өзінің әскери әуе күштерін жіберуі мүмкін. Қазіргі таңда Филиппинге әскер кіргізуге байланысты жоспар Пентагонда қаралу үстінде көрінеді.
Пентагон өкілі капитан Джефф Дэвистің айтуынша, АҚШ пен Филиппин 15 жыл бойы терроризмге қарсы бірігіп күресіп келеді. АҚШ бұған дейін де Филиппинге Cessna 208B барлау ұшақтары мен мыңдаған зымыран құрылғыларын берген.
Естеріңізге салайық, мамыр айында Филиппиннің оңтүстігінде «Ислам мемлекеті» содырларымен соғыс басталған болатын. Олар осы уақытқа дейін Марави шаһарын басып алған. Шетелдік сарапшылардың айтуынша, «Ислам мемлекеті» ұйымы бұл аумақта күш алатын болса, жақын уақытта олар Филиппиннің оңтүстігінде халифат құруы мүмкін.