Алматылық дәрігерлер қала аумағындағы базарларда тегін медициналық тексеру (скрининг) жүргізді. Жетісу ауданындағы базарлардың бірінде жұмыс істейтін 5 бірдей қала тұрғындарында қатерлі ісік анықталды.

Медициналық тексеруден сатушылар, жүк көтерушілер мен бутик иелері өтті. Олардың көбі артериалдық гипертензия, қант диабеті мен семіздік дертіне шалдыққандары белгілі болды. Арнайы мамандар базар ішінде тексерістен өтуге ниетті азаматтардың қанының құрамындағы холестерин мен қант мөлшерін өлшеп, флюрография мен электрокардиограммаға түсірді.

Жетісу ауданының дәрігері Майра Жүнісова: «Халықтың дені сау болуы үшін, жылына екі рет медициналық тексерістен өтіп отыру маңызды. Базар қызметкерлері тіршілік қамымен жүріп, көбіне осындай тексерістерден өздігінен өтпейді. Сондықтан бүгінгідей акцияларды жиі ұйымдастырып отыру қажет. Бүгін анықталған барлық ауруларды тез арада емдеу үшін, науқастарға орталық емханаларға жолдама жазып беріп, сауығу шараларын жіті түсіндірдік», - дейді.

Ұйымдастырушылар аталған акция алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын табатынын жеткізді.

“The Qazaq Times”