Гамбургтегі «үлкен жиырмалықтың» саммитінде орын алған қоғамдық толқудан кейін Германия өзінің Еуропадағы одақтастарынан тәртіп бұзушыларды іздестіру жұмыстарына көмектесуін сұрады.
Германияның Әділет министрі Хайко Мас: «Қазір барлық бейнежазбалар мен фотосуреттер тексеріліп жатыр. Біз шет елдік әріптестерімізден көмек күтеміз» деп мәлімдеді. Сондай-ақ Гамбургтегі арнайы комиссия шығарған тұтқындау туралы жарлықты өзге елдердің де шұғыл арада растауы талап етілді.
Қазір Гамбургте 51 күдікті ұсталған. Олардың қатарында немістерден бөлек, Ресей Федерациясы, Италия, Нидерланды, Испания, Франция, ШвейцарияменАвстрия мемлекеттерінің азаматтары да бар. Хайко Мас алдағы уақытта бірде-бір саяси маңызға ие басқосу кезінде «еуропалық бүлікшілердің» басқа ел мен қалаларда құқықбұзушылық әрекеттерін қайталамауын қадағалау қажеттілігін баса айтты. Осыдан бұрын Германияның Сыртқы істер министрлігінде Гамбургтегі жағдай елдің беделіне айтарлықтай нұқсан келтірді деп хабарланған.