АҚШ Солтүстік Кореяға соғыс ескертуін жасады. Ақүй тарабынан ашулы түрде айтылған бұл ескертуде, АҚШ-тың соғысқа дайын екені де айтылған. Қазіргі таңда сейсенбі күні ұшырылған құрлықаралық баллистикалық зымыраннан кейін, Солтүстік Корея өздерінің баллистикалық зымыранды дамытудағы жетістігін ресми түрде хабарлаған болатын.
Танымал басылым «The Wall Street Journal» басылымының хабарлауынша, Солтүстік Корея бұл жолы өзінің зымырандарын АҚШ территориясына жеткізу қабілетінің бар екенін әйгіледі. Сәрсенбі күні аталған елдің ресми арналары өздерінің жетістігін мақтана жария етті. Мәліметтерге қарағанда бұл жолы сынақтан өткізілген зымыран атмосфера қабатынан шығып қайта кірген кезде пайда болатын жоғары температура мен қысымға төзімділігін танытқан.
Кейбір әлемдік басылымдар КХДР-ның кезекті баллистикалық зымыран сынағының растығынан күмәнданады. Олар, егер шынымен Солтүстік Корея сәтті сынақ жасаған болса, онда, оқтұмсықтарын АҚШ қалаларының біріне қарай бағыттайтын еді дейді. Мейлі қалай болса да, АҚШ-Солтүстік Корея шиеленісі шырқау шыңына шыққалы тұр. Оңтүстік Кореядағы АҚШ армиясының бас қолбасшысы адмирал Винсент Брукс сәрсенбі күні жолдаған мәліметінде: «Егер бұйрық тапсырып алатын болсақ, АҚШ-Корея бірлескен армиясы Солтүстік Кореяға соғыс ашуға дайын», – деді.
Бүгін түстен бұрын АҚШ-Корея бірлескен армиясы күрделі соғыс жаттығуларын жүзеге асырды. Олар Корея түбегінің шығысындағы шағын аралдардағы зымырандарын қозғалысқа келтірген. Сонымен бірге хабарлама жариялап, бұл Солтүстік Кореяға жасалған соғыс ескертуі екенін айтты.