Астана қаласының ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, 5 күн ішінде елордада ҚР ӘҚК-нің 437 бабы бойынша («Тыныштықты бұзу») 35 құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың қатарында: «Ықылас құрылыс» ЖШС, «Люксор КЗ» ЖШС, «Миледи М сауда үйі» ЖШС және т.б. бар.
Заңға сәйкес сағат 23.00.-ден таңғы 06.00.-ге дейін тыныштықты бұзғаны үшін жеке тұлғаға– 5 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне- 10 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне- 15 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Естеріңізге сала кетейік, 22 маусымда әкімдікте түнгі уақытта құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салу жөнінде шешім қабылданған болатын. Тыныштықты бұзған жағдайда тұрғындар жергілікті полиция қызметіне немесе 109 нөмірі бойынша шағымдана алады.