ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасының жобасы қабылданды.
ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жоба Мемлекет басшысының «Бес институционалдық реформаны іске асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарының 86-қадамын жүзеге асыру аясында әзірленгенін айтып өтті. Тұжырымдаманы екі кезең бойынша: 2018-2020 жылдары және 2021-2023 жылдары іске асыру көзделген.
Тұжырымдама бойынша алты өңірлік мәдени-туристік кластер құру жоспарда бар: «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Алтай інжу маржаны», «Ұлы Жібек жолын жандандыру», «Каспий қақпасы», «Табиғат пен көшпелі мәдениеттің біртұтастығы».
Өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, туризмнің жаңа бағыттары дамтитын болады: сакралды, кемпингті, гастрономиялық, аңшылық, этнографиялық, әлеуметтік және т. б. Жағымды имидж қалыптастыру мен маркетинг жұмыстарын жүргізу үшін «Қазақтуризм» ұйымы құрылады.