ШЫҰ 2017 Саммитінің шеңберінде өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің IV отырысында «Бәйтерек» холдингі мен Алматы қаласындағы «Қытай сауда-өнеркәсіп банкі» АҚ арасында 300 млн АҚШ доллары сомасына ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы холдингтің баспасөз қызметі хабарлады.
Келісім «Бәйтерек» холдингіне отандық кәсіпорындарға өнеркәсіптік даму, ақпараттық технологиялар, шағын және орта бизнесті дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру, трансферт және инновацияны енгізу салаларында және Қазақстан Республикасы үшін басымды болып табылатын басқа секторларда инвестициялық жобаларды іске асыруға қолжетімді пайыздық мөлшерлемелер бойынша қаржыландыруды ұсынуға мүмкіндік береді.
«Алматы қаласындағы Қытай сауда-өнеркәсіп банкі» АҚ ҚХР төрт ірі мемлекеттік банкінің бірі болып табылатын Industrial and Commercial Bank of China (ICBC) құрамына кіреді.
Айта кетейік, 2016 жылдың соңында «Бәйтерек» холдингінің жалпы қарызы 2 247 млрд теңге болған. Ал 2015 жылғы қарызы 2 008 млрд долларды құраған еді. Мемлекет тарапынан қаржыландыру есебінен жалпы қарыз капитал мен резервтерді қатынасы бойынша жоғарғы деңгейде (42%) қалды.