2005 жылы мамырдың 13 күні Өзбекстанда Әндіжан оқиғасы болғаны белгілі. Сол уақыттан бері Өзбекстан билігі бұл оқиғаны халық санасынан жойып жіберу үшін түрлі қадамдарға барды. Біз бүгін осыған қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Ислам Кәрімовтың кезінен бастап осы уақытқа дейін Өзбекстан билігі халық санасынан Әндіжандағы қанды қырғынды ұмыттыру үшін түрлі әрекеттерге барды.
Осы мақсатта Кәрімов режимі өзбек халқының қаны төгілген Шолпан (Чулпон) көшесінің атын ауыстырды. Ереуілге шыққан халық аяусыз басып, жаншылған көше бойындағы ғимараттар мен орталық алаңдағы Бабыр ескерткішін бұзып тасталды. Наразылық шеруіне қатысқан көптеген адамды қорқытты, үркітті, түрмеге қамады, өлгендерді белгісіз бейітке апарып жерледі. Ереуілде оққа ұшқандардың туыстарына өлгендерге арнап құран бағыштауға, қырық күндігін өткізуге тыйым салынды.
Әндіжан оқиғасынан кейін не бәрі бір жыл ішінде Өзбекстан билігі елдегі халықаралық телеарналар мен адам құқығын қорғау ұйымдарын елден аластатты. Жергілікті тәуелсіз журналистер мен құқық қорғаушыларды қудалады. АҚШ-тың Әндіжан оқиғасын халықаралық ұйымдардың тексеруі керекті жайында айтқан мәлімдемесіне Өзбекстан билігі құлақ аспады. Тіпті АҚШ-тың бұл мәлімдемесі үшін ресми Ташкент Ақүйден Өзбекстан аумағындағы Ханабад әскери базасын алты ай ішінде жауып, ел аумағынан әскерін алып кетуді талап етті.
2005 жылғы Әндіжан оқиғасында Өзбекстан әскері жүзге жуық ереуілшіні өлтірді. Бес жүзге тарта Әндіжан тұрғыны көршілес Қырғызстанға қашуға мәжбүр болды. Кейінен Өзбекстан билігінің сұрауымен Қырғызстаннан Хасан Шакиров, Мухаммад Кадыров, Дильшод Ходжиев пен Тавакал Ходжиев экстрадицияланып, 13 жылдан 17 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Осыдан кейін Қырғызстанға қашып барған Әндіжан тұрғындары Румынияға қоныс аударды.
Осылайша Өзбекстан аумағында 2005 жылы 13 мамырда болған Әндіжандағы қанды қырғынды еске түсіретін ештеңе қалмады.