Қазақстан етінің сыртқы нарықтағы үлесі құлдырап жатыр. Биылғы жылдың 1 тоқсанында 2016 жылдың алғашқы айларына қарағанда ет және ет өнімдерінің экспорты 45%-ға азайған. 2017 жылдың қаңтар-наурыз айында шетелге бар болғаны 1,6 мың тонна ет сатылған, деп хабарлайды  ranking.kz агенттігі. 

Сатылым деңгейінің төмендеуі қазақстандық өндірушілердің бағаны көтеруімен байланысты. Яғни сырттан сатып алушылар үшін қазақстандық еттің бағасы  35%-ға қымбаттаған. Осылайша ет экспортынан түскен түсім 1 тоқсанда 25%-ға қысқарған және 3,1 млн доллар болды.

Қазақстаннан ең көп етті сатып алатын ел - көрші Ресей. Жалпы төрт айда экспортталған еттің 94,5%- немесе 1,5 мың тоннасы осы елге жеткізілген. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 70%-ды құраған.

Алайда, Ресей нарығында да қазақстандық еттің сатылымы құлдырап жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда биыл 4 айда ет  15%-ға аз сатылған.

Басқа бағыттарға да экспорт мүлде төмендеп кеткен. Мысалы Тәжікстанға жеткізілетін ет көлемі 6 есеге қысқарса, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан бірде бір тонна ет сатып алмаған.

d522fc0a5224163ab4d0120cdec.png

Ал қазақстандық тұтынушылар 2017 жылдың төрт айында бар болғаны 229,6 мың тонна ет сатып алған. Оның ішінде құс еті де бар.

Айта кетейік, 2011 жылы ірі қара малдың етінің экспортын дамыту жобасы қабылданған. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2011-2015 жылдар болған. Осы жоба Қазақстанның ет экспортын 2016 жылы 60 мың тоннаға, ал кейінгі 5 жылда 180 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарланған еді.

Дегенмен Қазақстан 2016 жылы 60 мың тоннаның бестен бір бөлігін, яғни 12 мың тонна ғана ет экспорттады.

“The Qazaq Times”