Іздеу тобы Эверест тауында шатыр ішінен төрт альпинистің денесін тапқан. Эверестте маусым басынан бері қаза тапқан альпинистердің жалпы саны онға жетті. Бұл туралы Би-Би-Си арнасы хабарлады.
Құтқарушылар жексенбі күні қаза болған словакиялық альпинистің денесін іздеу барысында шатырды тапқан.
Қаза болғандардың барлығының денесін ауа деңгейі өте төмен, «өлі аймақ» деп аталатын жерден тапқан.
Жергілікті БАҚ-тың айтуынша, шатырдағы екі альпинист шетелдік, ал қалған екеуі жолсерік-шерп екендігі анықталды.
Бұл маусымда Эверестте австралиялық Франческо Маркетти, индиялық Рави Кумар, сонымен қатар тау шыңын бағындырған ең қарт адам атағына үміткер болған 85 жастағы Мин Бахадур Шерчан қаза тапқан.
Сәуірдің соңында Эверестте адам нанғысыз жылдамдығына байланысты «швейцарлық машина» атағына ие болған швейцарлық белгілі альпинист Ули Штек те қаза болды.
Сонымен бірге, Рейтер агенттігінің мәліметі бойынша, маусым басынан Эверест шыңын оң жағынан 382 альпинист және тибет жағынан 120 альпинист сәтті бағындырған.
Қаза тапқандар саны бойынша 2015 жылғы маусым рекордты жыл болды, қар көшкіні мен тасқынға байланысты 24 адам қаза болған.
Жалпы 4 мыңнан астам адам Эверест шыңын бағындырмақшы болса, соның 200-ден астамы қаза тапқан.
Фариза МҰҚАНОВА