Ирактың үкімет армиясы ДАИШ-тың қолында тұрған сол елдің екінші ірі қаласы Мосулды рамазан айынан бұрын қайтарып аламыз деп сенім білдірді. Ирактың Бас қолбасшылық штабының бастығы Осман Ганими Мосул қаласын аралап шыққаннан кейін осы мәлімдемесін жариялады. Бұл туралы «Анатолы» ақпараттық агенттігі хабарлап отыр.
Осман Ганими сөзінде: «Ирак халқына рамазан айы басталудан бұрын (Биылғы мұсылмандардың ораза айы 27 мамырда басталады) ДАИШ-ты талқандап, лаңкестерден тазартылған Мосул қаласын қайтарып береміз», – деп сенім білдірді. Ол бұл реткі әскери операцияда үкімет армиясы шабуыл тебінін бұрынғыдан да арттырып, Мосулдағы ДАИШ-тың соңғы бекіністерін сұрапыл соққымен басып алмақ екенін де айтып өтті. Оған қоса Осман Ганимидің айтуынша, бұл рет Ирак армиясы еш елдің қарулы қосынын көмекке шақырмайды. Осыдан бұрын Ирак армиясының АҚШ әуе күштерінің қолдауымен Мосулға көп ірет шабуыл жасап басып кіргенін білеміз.
2014 жылдың қыркүйек айынан бері халықаралық ең үлкен ДАИШ террорлық ұйымы Ирактың Мосул қаласын басып алған еді. Ирактың солтүстігіне және маңызды қатынас дәлізіне орналасқан Мосул қаласы лаңкестердің қолына өткелі бері, Сүрия мен Иракқа тыныштық берген емес. Өткен жылы қазан айынан бастап Мосулды азат ету шайқасын Ирак үкіметі бірнеше елдің көмегімен бастаған болатын.