Кітап – жаныңды тазартатын, түсіндіруден жалықпайтын ең сабырлы ұстаз деп жатады. Осы қағиданы балабақшадан ЖОО-на дейінгі аралықтағы білім алушылардың барлығына үйретеді. Бірі ескерсе, бірі ескере бермейді. «Әр қазақ оқуға тиіс 50 кітап» немесе «Әр студент оқуға тиіс 100 кітап» жобаларын білеміз. АҚШ-та осыған ұқсас «Балабақшаға дейін 1000 кітап» жобасы бар екен. Балабақшаға бүлдіршін әріп тануға барады емес пе деген таңданысымызды жасыра алмадық. Десе де нәтиже бар!
Далия Мари Арана – АҚШ-тың Гейнсвилл қаласының төрт жасар тұрғыны. Оның оқыған кітаптарының тізімі мыңнан асады екен. Кітапқұмарлығының арқасында Далияға Конгресстегі кітапханада «бір күнге кітапханашы» болу мүмкіндігі туды.
Далияның әкесінің айтуынша, бір жасына толар кезінде әріп танып, оқып үйренген. Қызының кітаптағы сөздерді «кеміріп» отыратындығын байқаған анасы, оған «балабақшаға дейін 1000 кітап» жобасына қатысып көруді ұсынған. Ғарыштық жылдамдықпен қыздарының әдебиеттерді меңгеріп шығатынына ешкім сенбеген. Қыздары әлі 4-ке де толмаған, ұсынылған 1000 кітапты оқып, ешкім ойламаған белесті бағындырған.
Осындай жетістіктерін естігеннен кейін, Арана отбасын түгел Конгресске шақырып, кітапханасына саяхат жасатқан. АҚШ-та аталмыш кітапханада кітапханашы болу – абыройлы қызмет, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Далияға кітапханашының орнына бір күн қызмет етуге ұсыныс жасаған. Осындай ерекше сый-құрметке ие болған Далияға жарайсың дейміз! 4 емес, 40 жасында да осыншама кітап оқымаған қанша халық бар. Тек құлшынысың одан сайын артып, кітапқа деген махаббаты суымасын!
Қорытынды орнына, біз де елімізде осындай әсемпаздықпен емес, жасампаздықпен көзге түсетін ақылдылардың көп болғанын қалаймыз. «Адамдар кітап оқығандар және кітап оқитындарды тыңдайтындар деп екіге бөлінеді» дегенді естіп едік. Біздің елде алғашқысы көп болатын шығар. Солай болса екен...
«The Qazaq Times»