АҚШ билігі Иранға бағытталған санкциялар тізімін кеңейтіп, оған жергілікті судьялар Сейед Махмуд Садати мен Мохаммад Солтаниді және Шираз қаласындағы үш түрме және революциялық соттың кеңсесін қосты. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігінің сайтында хабарланды.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның мәлімдеуінше, тізімге енгізілген адамдар мен құрылымдардың Ирандағы адам құқықтарын бұзуға қатысы бар. Мемлекеттік департаменттің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде: «Бүгін АҚШ Иранның бірнеше лауазымды тұлғалары мен ұйымдарына адам құқықтарын өрескел бұзғаны үшін санкциялар енгізді. Бұдан басқа аталған тұлғалар азаптау және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттерге барып, тұрғындарды заңсыз жазалаған», – делінген.

Уашингтонның қатаң қаулысына іліккен мекемелер Шираз, Урмия, Мешхед қалаларында орналасқан.

Помпеоның айтуынша, судья Садати мен революциялық сот Ширазға енгізілген санкциялар 27 жастағы палуан Навид Афкаридің өліміне байланысты енгізілген. «Жасырын түрде орындалған өлім жазасына дейін, палуан Навид Абделабад түрмесінде азапталды. Оны өлім жазасына кесу – өрескел әрекет», – деді.

Иранның Fars агенттігі 12 қыркүйекте 2018 жылдың қыркүйегінде Шираз қаласында күзетшіні өлтірді деп айыпталған Навид Афкариге қатысты өлім үкімінің орындалғаны туралы хабарлаған.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Теһранды сот тағайындаған жазаны алып тастауға шақырып, «Навид Афкариді тұтқындаудың нақты себебі – үкіметке қарсы демонстрацияға қатысу», деген пікір білдірді. Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) президенті Томас Бах Иран президенті Хасан Руханиге палуанды өлім жазасына кеспеу туралы өтініш білдірген. Үкім орындалғаннан кейін ХОК президенті әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар, Иранның Ұлттық Олимпиада комитеті, Біріккен күрес әлемі Иран билігінің «әділетсіз үкіміне» қарсы жеңіліс тапқанын айтты.

"The Qazaq Times"