8 сәуірде  Штаб-пәтері Парижде орналасқан  «Адам құқықтары жөніндегі халықаралық федерациясы (FIDH)» әлем елдерінің үкіметтерін коронавирус пандемиясы кезінде түрмедегі құқық қорғаушылар мен саяси тұтқындарды босатуға шақырып мәлімдеме жасады деп жазды Орталық Азия жаңалықтар қызметі.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелеттың мәлімшеуінше, үкіметтер негізсіз қамауға алынғандар мен жазықсыз қудаланғандарды босатуы тиіс. Кәмелет жасқа толмағандар, мигранттар, босқындар, саяси бақталастар, журналистер, құқық қорғаушылар түрмелерден шығуы тиіс делінген мәлімдемеде.

Ұйымның веб-сайтында түрмеде отырған ондаған құқық қорғаушының есімідері жарияланды.

Коронавирус пандемиясы басталған уақытта әлемнің бірқатар елі, соның ішінде Түркия мен Бахрейн, түрмедегі тұтқындардың бір бөлігін босатты. Бірақ терроризмге қатысы бар айыптармен сотталғандар бұл тізімге кірмей қалған. FIDH қамаудағы құқық қорғаушылардың дені терроризмге қатысты жалған айыптармен отырғанын атап өтті.

Бұған дейінде белгілі құқық қорғаушы, заңгер Абзал Құспан ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып елдегі тергеу изоляторлары мен түрмелердегі жағдайдың халықаралық талаптарға мүлде сай келмейтіні себепті түрмелер мен тергеу изоляторларындағы жазасы аса ауыр емес, кісі өлтірмеген, қоғамға қауіп төндірмейтін немесе жаза мерзімі аяқталуға жақын, экономикалық қылмыстар бойынша сотталған азаматтарды, соның ішінде зейнеткерлер мен әйелдердің жазаларын жеңілдетіп, үйқамаққа жіберу туралы ұсынысын айтқан болатын.

"The Qazaq Times"